Семейде шебер қария тігіншілік өнерімен танымал

Қаладағы бейімдеу орталығында тұратын зейнеткер Владимир Ротанов мұндағыларды тігіншілік өнерімен таң қалдырып жүр.

Шебер қария қолғаптан пердеге дейін өзі тігеді.

Владимир Ротанов өмірде қиын жағдайға тап болған жандарға көмек көрсететін бейімдеу орталығына 2010 жылы келіпті. Үйсіз-күйсіз қалған қария мұнда оңалту шараларынан өткенімен бір аяғының кемдігіне байланысты ешқандай жер жұмысқа алмаған. Содан бері бұл мекен екінші үйіне айналған.     

Владимир Ротанов, қала тұрғыны:

- Тігін машинасын алғаш осы жерден көрдім. Үйде де болды ғой. Бірақ мән бермейтін едім. Тігіншілік өнер қазір сүйікті ісіме айналды. Қол қусырып, қарап отырғым келмейді. Еңбек ету керек қой.

65 жастағы зейнеткер орталыққа келгелі мыңға жуық қолғап пен бірнеше көрпе тіккен. Бес қабатты ғимараттың барлық бөлмесіндегі перде де ісмер қарияның қолынан шыққан. «Денсаулығым сыр берді» деп мойымай, өзіне беймәлім өнер түрін жетік меңгерген оны орталық қызметкерлері «Версаче» деп атайды екен.

Құндыз Нұралықызы, орталық директорының орынбасары:

- Себебі, ол кісі тігіншілік өнерді жақсы көреді. Шын ниетімен жұмыс істейді. Әр нәрсеге мұқият қарайды. Сол себепті әзілдеп Версачеге теңеп жатамыз.

Он екі мүшесінің сау кезінде автобус жүргізушісі болып жұмыс істеген зейнеткердің бала-шағасы бар. Бірақ оларға барғысы жоқ.

Владимир Ротанов, қала тұрғыны:

- Отбасым бөлек тұрады. Балаларым есейген. Олар мені шақырса да, барғым келмейді. Масыл болғым келмейді.

2000 жылы ашылған бейімдеу орталығында бүгінде 118 адам тұрып жатыр. Мұнда 120 орындық уақытша бөлімше мен 30 орындық түнде қонуға арналған бөлімше жұмыс істейді. Орталықта тағдырдың тәлкегіне түскен жандарға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетіледі. Ал Владимир Ротановтың арманы – «өз үйі – өлең төсегіне» қол жеткізу. Қария қазір жатақханадан шағын бөлме алу үшін қаржы жинап жатыр.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.