Премьер-Министр қазақстандықтардың ең жиі көтеретін мәселелерін атады

Негізгі сұрақтар тұрғын-үй, құрылыс, ауыл шаруашылығы, жер және бағаға қатысты.

Бұл былтыр өткізілген халықпен кездесулерді қортындылау кезінде анықталды. Өткен жылы азаматтар министрлердің алдында 1700-ге жуық мәселе көтерген. Оның 1200-ден астамы шешімін тапқан. Ал әкімдер 20 мыңға жуық кездесу өткізіп, халықтан 33 мыңдай мәселе мен ұсыныс түсіпті. Үкімет басшысы әкімдіктерге жергілікті жерлерде мәселелерді шешудің тиімділігін арттырып, халықпен кездесулерді алдын ала хабарлап отыруды тапсырды. Сондай-ақ жұртшылықпен жүздеспейтін бірқатар министрлерге ескерту жасады. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Кейбір министрлік басшылары жоспарланған 15 кездесуді өткізген жоқ. Мәселен, Индустрия министрлігі 2 облыста кездесу өткізген жоқ.  Энергетика және Ішкі істер министрлігінде де осындай жағдай. Бұл жерде қандай да бір сылтау айту орынсыз. Ешқандай себеп қабылданбайды. Барлық кезедесулер өткізілуі тиіс. Оған вице-министрлерді де тарту қажет. Бұл азаматтарды көбірек тартуға мүмкіндік береді.