Ақтөбе облысында «Шалқар-Бозой» жолын жөндеу жұмыстары жалғасады

Ақтөбе облысында «Шалқар-Бозой» аралығындағы жол жөндеу жұмыстары биыл да жалғасады.

Шамамен 20 шақырымды ретке келтіріп, асфальт төсеу көзделіп отыр. Сөйтіп, аудан орталығы мен шалғай ауыл арасын жалғайтын жолдың жартысынан астамы жаңарады. Қалған бөлігіне әзір қаражат қарастырылмаған.  Бұдан өзге, Ақтөбе – Қандыағаш арасындағы құрылыс толық аяқталады. Жалпы, биыл өңірде 770 шақырым жол жөнделеді. Бұл үшін бюджеттен 41 млрд теңге қаралған. Ауқымды жұмыс аясында бірқатар аудандық маңыздағы көлік дәлізіне де көңіл бөлінеді. Жобаларды іске асыру әдеттегідей күн жылынған соң басталады. Ал, қазір қажетті құрылыс материалдары дайындалып жатыр. 

Рүстем Төреғалиев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Ағымдағы жылы осы жергілікті маңызы бар жолдардың "жақсы" және "қанағаттанарлық" жағдайын 78 пайызға ұлғайтуды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда осы жол құрылысына қажетті құрылыс материалдарын дайындау, мемлекеттік-конкурстық рәсімдерді өткізу және Сапа орталығымен келісім-шарт жасақтау мәселелері жүргізіліп жатыр.