Қарағанды облысы Кертінді ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды

Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Кертінді ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды. Жаңа ғимараттың құрылысына 160 млн теңге бөлінген. Жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асты. Енді жыл соңына дейін тағы 42 елді мекенде дәл осындай емдеу мекемелері салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кертінді ауылы бір кездері аудан орталығы болған. 1 ғасырға жуық тарихы бар елді мекенде қазірдің өзінде мыңға тарта халық тұрады. Олар басы ауырып, балтыры сыздаса аудан орталығына баратын. Ауыл амбулаториясы апатты жағдайда болды. Енді алысқа сабылмайды, дәрігерлік көмек ауыл ішінде көрсетіледі.     

Қуаныш Халықов, Кертінді ауылының тұрғыны:

- Анализ бергенде де, укол алғанда да біз мынау 30 шақырымдағы ауданға жүгіретінбіз. Мынау Захаровкаға жүгіретінбіз. Бұрын сонда қабылдау болды. Мынаның ішінде, мінеки, бәрі бар. Сәулетті, жарықтандыру, дәретханасы, суы да келіп тұр.  

Жаңа ғимаратта 12 бөлме жабдықталған. Алғашқы медициналық көмек көрсету үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Өз зертханалары бар. 

Гүлжан Орынғожина, медбике:

- Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда үлкендерді қабылдайтын учаскелік медсестра бар, одан кейін мен – балалар медсестрасы. Акушерка бар, лаборант бар. 2 адамдық ем-шара қолданатын кабинет бар. Сол жерде 2 адам жатып, толығымен кезек-кезек ем қабылдай алады.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, алдағы 2 жыл ішінде аймақтағы 92 ауылда дәл осындай емдеу нысандары салынады. Оның 42-сі биыл ел игілігіне берілмек. Бұл мақсатқа қазынадан 14 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр.

Алма Қанафина, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бас терапевті:

- Оның ішінде 13 дәрігерлік амбулатория, 24 фельдшерлік акушерлік пункт, сосын 55 медициналық пункт салынады. Тек жаңа ғимараттар салынады. Барлығы бекітілген. Барлық жердің әкімдігі жер бөлу мәселесін, оны қабылдап алу жұмыстарына толығымен кіріскен.  

Ғимаратты салған соң елге ем-дом жүргізетін кәсіби маман керек. Қазір бұл мәселе де қатар шешіліп жатыр. Жас дәрігерлерді баспанамен қамту, көтерме қаражат беру, балаларын мектеп пен бала-бақшаларға орналастыру жұмыстары қарастырылып жатыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.