БҚО-да мыңға тарта адам қайтарымсыз грант алды

Батыс Қазақстан облысында мыңға тарта адам әлеуметтік осал топтарға берілетін қайтарымсыз грант алған.

Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде олар өз кәсібін ашты. Бірі сұлулық салонының, енді бірі оқыту орталығының жұмысын жолға қойған.

Төрт баланың анасы Тілектес Шегебаева үшінші топ мүгедегі. Қиындыққа мойымаған ол жарты жыл бұрын бұрын өзі тұратын шағынауданда роботехника үйірмесін ашты. Өз кәсібін өрістету үшін «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы арнайы оқу курсын тәмамдаған. Кейін мемлекеттің қолдауымен грант ұтып, балаларды қолданбалы өнерге баулуға кірісті.   

Тілектес Шегебаева, кәсіпкер:

- Көп балалар қызығатын  осындай үйрмелердің бірі деп ойлаймын. Өз балаларым қатысты, барып алып келу жағы қиын болған соң өзіме ой келіп және бітірген мамандығым да дизайнер архитектор болған соң компьютермен жұмыс жасап осыған қызығушылығым пайда болды. Осы грантты ұтып алғаннан кейін тез арада ашып қолға алып кеттім. Грант деген сол барлығына берілген миллион 300 мыңның шамасы ғой. 

Тілектес Шегебаеваның тобында қазір 12 бала бар. Грант ретінде берілген қаржыға қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Ал Фарида Оразалиева шаштараз мамандығын меңгеріп, шағын сұлулық салонын ашты. Осыған дейін атаулы әлеуметтік көмек алып келген қала тұрғыны грант ұтып, өз ісін бастап кетті. 

Фарида Оразалиева, кәсіпкер:

- Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелуге барып сол жерде шаштараз мамандығына набор болып жатыр дегесін тіркелдім де 2 ай шаштараз мамандығын оқып шықтым. Миллион 225 мың, осы ақшаға айна, мойка, кресло, помощник, көмеші, керек құралдардың бәрін алдым. Бас жуғаннан кейінгі орамалдарды жууға машинка алдым.

Аймақта грант түрінде қаржылай көмек алуға ниеттілер қатары көбейіп келеді,-дейді мамандар. Былтыр мыңға тарта адам осынау әлеуметтік осал топтарға берілетін қайтарымсыз несиеге қол жеткізген. Олардың қатарында 100-ден аса мүміндігі шектеулі жан бар.

Асланбек Хайруллин, БҚО ЖҚҮ және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:  

- Гранттар тек халықтың осал топтарына беріледі. Ол атаулы әлеуметтік көмек алушылар және оның жұбайларына және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар ала алады. Қоныс аудуршылар, және қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала асырап отырған ата-аналар және оның жұбайы жатады.

Бағдарлама шеңберінде берілген 1 млрд теңгенің басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға жұмсалған. Биыл аймақта әлеуметтік осал топқа жататын 600-ден аса тұрғынға мемлекеттік қолдау көрсету көзделіп отыр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов