ШҚО-да қысқы жол сапасы тексеріліп жатыр

Шығыста ақпанның ақ бораны соғып тұр. Оның үстіне қар көшкіні қаупі де күшейіп, жол қозғалысын қиындата түсті. Ауа райы әлі де бұзылуы мүмкін. Сондықтан күре жолдардың күтімі басты назарда болуы керек. Қар лезде тазаланбаса, жол тарылып, ары-бері өткен көліктерге  қолайсыздық туындатады. Сондықтан күтім сапасын бақылайтын орталық өкілдері кезекті рейдке шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылғы қыс бәріне жеңіл тимей жатқаны рас. Ақ түтек боран да, сарышұнақ аяз да, омбы қар да бар. Қаңтарда қар құрсауында қалған, дауылда адасқан талай адам құтқарылды. Өлкеде ​жол күтіміне байланысты жұмыстардың күрделігі де осында. Күрт өзгеретін күн райы трасса үстіндегі мамандарды да, техниканы да сынға алады.

Дастан Тоқтыбаев, №30 жол учаскесінің бастығы:

- Қазі, міне, боран боп тұр, біраздан кейін аяз болып кетуі мүмкін.​ Біздің табиғатымыз аяқ астынан 1-2 сағат ішінде шұғыл өзгеріп кетуі мүмкін.

Ана жақты қар басты, мына бағытты ақ ұлпадан аршу керек деген хабарлама түсе сала,​ ауыр техникалар жолға шығады. Бірақ кем дегенде 1 сағат уақыт кетеді. Діттеген жерге жетіп, қар күреуге кірісіп кеткенімен, боран да басыла қоймайды.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Ауыр техника қайта-қайта жолды аршып кеткенімен, бұрқасын дес бермей жатыр.​ Мәселен, мына жерді 15-20 минут бұрын ғана тазалап кеткен, енді, мінеки, қар алып жатыр.

Дегенмен жол сапасына жауаптылардың міндеті – жолаушыларға қолайлы жағдай жасау. Әсіресе боранды күндері. Алайда бұл жағынан​ кемшіліктер кездеспей қоймайды. Жыл басынан 28 тексеру жүргізілсе, 40-тан астам ақау табылған.

Айдос Қабылбаев, облыстық Жол активтері ұлттық сапа орталығының инженері​:

- Негізгі ақаулар жол жабынының, жүру енінің тарылуы, жол жабынының қар қабаты кедір-бұдыр, жол павильоны мен көпірлерді қардан тазартылуы.

Осы ақауларды жоюға 10 күн уақыт беріледі. Бұл мерзім ішінде жол сапасына жауапты мекмелер жылдам қимылдап, кемшіліктерді түзеп үлгеру қажет. Есесіне жолаушылар қауіпсіздігі қамтылатын болады.

Айта кету керек, биыл қыс басынан бері елімізде 570 рет жолға шектеу қойылыпты. «ҚазАвтоЖол» мекемесінің күшімен 3 мың​ көлік, 6 мың адам құтқарылған.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.