Баянауыл тауларында арқар көбейді

Кейінгі санақта қызыл кітапқа енген 700 бас жануар тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арқарлар әдетте Қызылтау қорығын мекендейді. Ал Қызылтау – Баянауыл ұлттық мемлекеттік паркінің жанындағы ерекше қорғалатын аумақ. Дегенмен жануарлар ара-тұра өрісін ұзартып, Баянауыл тауларына да барады. Бір үйір арқардың ауыл маңында жайылып жүргенін жергілікті тұрғындар жиі байқайтын болған. Жалпы, Баянауыл ұлттық табиғи паркінің аумағын арқардан бөлек, бұлан, елік мекендейді. Түлкі, сілеусін, суыр, тіпті 80-ге тарта қасқыр да бар. Пандемия кезінде демалыс орындары жұмыс істемей, адам аяғы саябырлағанда бұл маңда аң мен құс көбейген. Бірақ келеңсіз жәйттер де болып тұрады. Осыдан біраз бұрын арқар атқан 2 тұрғын ұсталған. 

Дәурен Кабышев, облыстық ПД табиғат қорғау инспекторы:

- 2022 жылдың қаңтар айында арқарды ату дерегі тіркелді. Павлодар облысының2 тұрғынына қатысты қыркүйек айында сот үкімі шықты. Олар 3 жылға бас бостандығынан айырылды және 22 млн теңге айыппұл төлейді.

Бекзат Әкімбеков, әуесқой этнограф:

- Баянауыл ұлттық мемлекеттік паркінде 45 сүт қоректі және 175-тен аса құс түрі бар. Соның ішінде қызыл кітапқа енген арқар мен 8 құс түрі бар. Арқардың көп бөлігі Қызылтау жерінде мекен етеді. Ұлттық парк қарамағында 88 мемлекеттік инспектор және 4 қорықшы бар. Олардың басты міндеттері табиғатты қорғау, жануарларды қорғау болып саналады.