Петропавлда жұртқа балта алып жүгірген бала психиатриялық есепте тұрған

Петропавлда қатарластарына пышақ сілтеп, жарақаттаған оқушы психиатриялық есепте тұрған.

Белгілі болғандай, күдікті бірінші тоқсан бойы күйзелістен емделген. Қазір оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Ал ата-аналардың айтуынша, жасөспірімнің осындай қадамға баруына компьютерлік ойынның әсері болуы мүмкін. 

Петропавлдағы №4 орта мектептің жаңа аптасы жайсыз хабардан басталды. Сабақ басталмай тұрып бетіне маска тағып алған 9-сынып оқушысы қолына балта мен пышақ алып, қатарластарын ұра жөнелген. Бірінші болып Владислав Горбаченко зардап шекті. 

Владислав Горбаченко, жәбірленуші:

- Мен дәретханаға кіріп бара жатқанда алдымнан ол шығып балтамен ұра бастады. Маска киіп алған. Қолында тағы пышақ болды.

Вера Горбаченко, жәбірленушінің анасы:

- Мектепке балта мен пышақ алып қалай кіруге болады? Неге тексермейді? Күзет болған жоқ. Егер баланың психикалық ауруы болса, үйде оқысын.

Оның қолынан екі ұл мен бір қыз бала жарақаттанды. Күдікті олардың басы мен мойнынан ұрған. Екінші қабатта балта, пышақпен жүгірген жасөспірімді оқушылардың өздері ұстап алған. Ал мұғалімдер оның ауруы бар екенін растады.  

Алмагүл Қасымова, №4 орта мектебі директорының орынбасары:

- Ұсталған оқушы денсаулығына байланысты сабаққа қарашаның 28-і ғана шықты. Мен екінші қабатқа көтерілген кезде ол үндемей тұрды.

Назир Жәшібеков, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Болжам бойынша күдікті пышақ пен балтаны сөмкесіне салып әкелген. Балалардың сөмкесі тексерілмейді. Оған ешкімнің құқығы жоқ. Қалғанын тергеу анықтайды.

Қазір күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Прокурорлардың айтуынша, ол психиатриялық есепте тұрған. Тіпті, Алматыға барып емделіп келген.

Қайсар Әбішов, қала прокурорының орынбасары:

- Осы кәмілеттік жасқа толмаған бала психиатриялық учетта тұрған. Және больницада жатқан. 2021 жылы ол бала сол психиатриялық деспанцерде жатқан. Диагнозы қазақша депрессия.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Атышулы қылмыстан кейін ата - аналар оқушыларын мектепке жіберуге қорқып қалды. Әлеуметтік желіде қолына қару алған баланың «Лесоруб» деген ойынға құмар болғаны туралы жазылып жатыр. Енді оның анық - қанығын тергеу анықтайды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов