Қарағандыдағы Бұқпа өзеніне кәріз қалдықтары төгілген

Қарағандыдағы Бұқпа өзені кәріз суының құйылуынан ластануы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір экологтар өзеннің экожүйесіне қаншалықты зиян келгенін анықтау үшін арнайы сынамалар алған. Алғашқы болып саяжай иелері дабыл қаққан еді. Кейін белгілі болғандай, ұзындығы 16 шақырымнан асатын құбырдан ақау шығыпты.

Аталған құбыр арқылы қаладағы қалдық судың 70%-і өтетінін айта кеткен жөн. Бірақ «Қарағанды Су» өкілдері кәріз суының неліктен аталмыш өзенге қарай аққанын түсіне алар емес. Сондықтан арнайы мамандар жалдапты. Олар қалдық судың жиналған жерін анықтау үшін қазір уақытша басқа құбыр салып жатыр. Кейін мамандар ескі құбырдың қай жері жарылғанын анықтайды. Бұл жұмыстардың нақты қашан аяқталары белгісіз. Осыған қарамастан экологтар коммуналдық кәсіпорынға қатысты жоспардан тыс тексеріс бастады. 

Ботагөз Сағатаева, Экология департаменті бөлім басшысының м. а.:

- Бұл апат туралы «Қарағанды Су» ЖШС өзі хабарлаған. Қазіргі таңда тексеру жүргізіліп жатыр. Су ластануының фактісі бойынша сынамалар алынған болатын. Егерде зиянды қалдықтар анықталған болса, әрине, әкімшілік шаралар қабылдануы мүмкін.