Жезқазғанда бағаны тұрақтандыру бағытында жұмыстар жүріп жатыр

Жыл басынан бері Жезқазғанда пияз 70%-ке дейін қымбаттаған. Көкөністің өзге түрлері бойынша да өсім бар. Сондықтан күн сайын өскен бағаға тосқауыл қою үшін тұрақтандыру қорындағы тауарлар дүкен сөрелеріне шығарыла бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір пияз бен сәбіз нарықтағыдан 30-40%-ке арзан бағада сатылып жатыр. Соның нәтижесінде соңғы бір аптада базардағы көкөніс құны 10-15%-ке дейін арзандаған. Бұл мақсатқа облыстық әкімдік 1 млрд теңге қаржы бөлді. Облыстағы тұрақтандыру қорында халық көп тұтынатын азық-түліктің 9 түрі бойынша мамыр айына дейін жететін қоры бар.

Мақсат Ибраев, «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі таңда «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы халық көп тұтынатын тауарлардың бағасын тұрақтандыру бағытында жұмыс істеп отыр.  Мысалы, біз қазір пияздың әр келісін 155, сәбізді 125, қырыққабатты 140 теңгеден сатып жатырмыз. Сонымен қатар күріштің бағасын тұрақтандыру бағытында 1 келісіне 392 теңге қойып отырмыз. Тұрақтандыру қорынан берілген тауарлардың құны базардағы бағадан әлдеқайда төмен.