Елде мемлекеттік қызметкерлерді іріктеу жүйесі 1-ші наурызда іске қосылады

Екі тоқсан төмен нәтиже көрсеткен мемлекеттік қызметкер жұмыстан шығарылады.

Қазір «Б» корпусындағы азаматтардың қызметін бағалау жаңа модельге көшіріліп жатыр. Бағалау басшылыққа да, орындаушы құрамға да қатысты. Тек құзыреттерге қатысты айырмашылық болады. Мұны Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов айтты. Бағалау тоқсан сайын жүргізіледі. Егер қатарынан екі тоқсан «қанағаттанарлықсыз» деген баға алса қызметкердің лауазымы төмендетіледі. Бос орын болмаған жағдайда, жұмыстан шығарылады. Жалпы мемлекеттік қызметке іріктеу кезінде тестілеу жүргізілетін нормативтік құқықтық актінің саны 9-дан 4-ке дейін азайтылған. Жаңа іріктеу жүйесі бірінші наурызда іске қосылады.

Азамат Жолманов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:

- Бұл автоматтандырылған іріктеу 1 наурызда іске қосылады және жыл соңына дейін 5 мемлекеттік органда – 3 орталық және екі жергілікті атқарушы органда өтеді. Бұл жүйе сәтті болған жағдайда келесі жылдан бастап барлық мемлекеттік органдарда енгізіледі. Биыл «Е-қызмет» жүйесінде басқа да кадрлық процестер жаңартылады. Барлығы 14 модуль. Оның ішінде тәртіптік бақылау, бағалау, іссапарлар және т.б бар. Бұл жұмыс осы жылы аяқталып, келесі жылы жаңартылған жүйе іс жүзінде пайдалануға беріледі.