Ақтөбе облысында көлік қозғалысына шектеу қойылды. LIVE

Ақтөбе облысында боранға қарамай жолға шыққан жүргізушілер апатқа ұшырады. Полицейлер оннан астам көліктің соқтығысқанын хабарлады. Бірнеше күннен бері ауа-райы құбылып тұр. Жолдар жиі жабылып, кей бағыттарға қатынас қиындап кетті.  Соңғы тәулікте Самара-Шымкент және Ақтөбе Шұбар-құдық тасжолдарында шектеу енгізілді. 

Мансұр Есқожин, тілші:

 - Облыс орталығын Орал қаласымен байланыстыратын жол да жабық. Көріп тұрғаныңыздай, боран әлі де басыла қойған жоқ. Таяқ тастам жерді көру мүмкін емес. Ауа райын елемей жолға шыққан жүргізушілердің апатқа түсуі де сол себептен сияқты. Оннан астам көлік Маржанбұлақ ауылы маңында соқтығысқан. Облыс орталығынан шамамен 30 шақырымдай жерде. Полицейлер зардап шегіп, жарақат алған адам жоқ деп отыр. Бірақ әзірге жолда қалғандарға жетуге мүмкіндік болмай тұрған сыңайлы. Кешелі бері полицейлер жолды бөгеп, жолаушылап шыққандарды кейін қайтарғанымен, дені осы маңда иіріліп тұр. Қатынас қалыпқа келген бойда сапарын жалғастыруға ниетті.

112 қызметінен әлсін-әлсін ескерту хаттары келіп жатыр. Дәл қазір Ақтөбе Қарабұтақ бағытына да жол жабық. Бұдан бөлек, желдің де басылар түрі жоқ. Синоптиктерге сенсек, ертең де қар жауып, бұрқасын болуы ықтимал.