Қостанай облысында 11 мектепте модульді қазандық салынады

Қостанай облысында келесі жылы барлық ауыл мектебінің жылыту қазандықтары сыртқа шығарылады.

Соңғы үш жылда бұл мақсатқа 800 миллион теңге жұмсалған. Биыл модульді қазандықтар он бір білім ордасының жанынан салынады. Жабдықтардың жобалық-сметалық құжаттары дайын. Қазір аймақта орталық жылу жүйесіне қосылмаған 33 ауыл мектебі бар. Оларда қазандықтар ғимарат ішінде орналасқан. Бұл өрт қауіпсіздігі ережесіне қайшы. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары осы білім беру нысандарын жылда тексеріп, ескерту жасайды. Тіпті бірқатар іс сотта қаралып, 350 мың теңгеге дейін айыппұл салынған.

Еркін Аушахметов, ТЖД басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазандық қызып, пештен шыққан түтінге улану қатері болуы мүмкін. Сол себептен қазандықтағы отты қараусыз қалдырмауды үнемі ескертеміз. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, өрт сөндіргіштердің болуын талап етеміз. Осылайша мектептердегі қауіпті сейілтуге тырысамыз.