Елде газ құбырлары жаңғыртылып жатыр

Елде 2022-2023-ші жылдың жылыту маусымында бұрын-соңды болмаған көп мөлшерде газ пайдаланылды. Мұны «QazaqGaz» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы айтты.

Санжар Жаркешов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды. Президентке ұлттық компанияның былтырғы жұмысының қорытындысы, алдағы кезеңге арналған жоспары мен газ саласын дамытуға қатысты есеп берді. Сондай-ақ Санжар Жаркешов реформаларды жүзеге асыру жөніндегі ұсынысын жеткізді. Шығындарды оңтайландыру нәтижесінде былтыр ұлттық компанияның қарызы 26%-ке азайған. Кездесу соңында Президент газ саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін реформаны жалғастыруды тапсырды.

Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- 2022 жылы газ саласы үшін оңай болмады. Алайда «QazaqGaz» ұлттық компаниясы дағдарыстың алдын алды. Еліміздің барлық тұтынушыларын газбен үздіксіз қамтамасыз етті. «QazaqGaz» ұлттық компаниясы ірі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Біріншіден, Қашағандағы газ өңдеу зауатын қарқынды салуда және де «QazaqGaz» ұлттық компаниясы өзінің бюджетінен 800 млрд теңгеге жуық инвестиция құйып, газ тасымалдау құбырларын модернизация жасап жатыр. Атап айтқанда, Бейнеу-Жаңаөзен, Жаңаөзен-Жетібай-Ақтау және де Мақат-Солтүстік Кавказ және т.б. ірі жобалар.