Қарағандыда заңсыз жұмыс істеп келген қазандық анықталды

Қарағанды қаласының Күнгей ықшам ауданындағы 60 үйді жылытып отырған шағын қазандықтың жұмысы жуырда тоқтатылуы мүмкін. Тұрғындардың шағымынан соң тексеріс жүргізген экологтар нысанның заңсыз жұмыс істеп келгенін анықтаған. Рұқсат құжаты жоқ. Қазір іс сотқа жөнелтілді. Бірақ жергілікті жұрттың көбі бұл шешімді қолдамайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті жұрт мына қазандықты «Байқоңыр» деп атап кеткен. Мұржадан шыққан жалынға қарасаң, құдды бір зымыран ұшып жатқандай. Ол аздай, көмір мен күлден көтерілген шаң-тозаңнан маңайдың барлығы қара күйеге айналған.

Владимир Пантюхин қазандықтың дәл іргесінде тұрады. Қазір далаға шығып, дем алудан қалдық, - дейді ол. Есік-терезені қанша қымтағанмен, қолқаны қабатын қою түтін үйге дейін кіреді екен.

Владимир Пантюхин, қала тұрғыны:

- Қазандық тұрғын үйге тым жақын орналаспау керек қой. Мұржадан шыққан қою түтіннен тұншығамыз. Жел терісінен соқса екен деп күнде тілеп отырамыз. Ал көмір мен күлден ұшқан шаң үйдің ішіне дейін кіреді. Айнала қара күйе. Біздің талабымыз үйден алыстау жерге апарсын.

Тұрғындардың шағымынан соң тексеріс жүргізген экологтар қазандықтың осы күнге дейін заңсыз жұмыс істеп келгенін анықтады. Экологиялық рұқсат құжаттары болмай шыққан.

Дархан Есжанов, Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

- Ол қазандық бойынша біз тексеріс шараларын жүргіздік. Айыппұлға тарттық. Дегенмен де экологиялық рұқсат қағаздары болмаған себепті қазіргі таңда біз сотқа жүгіндік. Қазандықтың жұмысын тоқтату туралы қазір сот қарап жатыр.

Бірақ жергілікті тұрғындардың кейбірі қазандықтың жабылуына қарсы. Себебі бұл нысан қазір мұндағы 60 үйді жылумен қамтамасыз етіп отыр.

Қыдырбек Сансызбаев, қала тұрғыны:

- Жылусыз қаламыз ғой. Оның үстіне мына жерде 3 қабатты 3 үй тұр. Мешіт жылынып жатыр, жанында дүкен бар, мына жерде фитнес орталық салған, соның бәрі осымен жылып отыр.

Қалай дегенмен, соңғы нүктені сот қояды. Пікірлері екіге жарылған елдің айтуынша, мәселені шешудің бір жолы – көгілдір отынға қосылу. Ал газ құбыры бұл ауданға тек 2024 жылы тартылады деп жоспарланған.   

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.