Ақмолалық Ыбыраевтар отбасы өзге ұлт өкілінің 3 баласын асырап алған

Ақмолалық Ыбыраевтар отбасы өзге ұлт өкілінің 3 баласын асырап алған.

Сегіз жыл бұрын бауырына басқан перзенттердің екеуі қазір студент, енді бірі мектепте оқиды. Отбасында туған үш ұл да бауырларына ағалық қамқорлығын аямайды.

Виктория - үйдің еркесі. Себебі 5 ұлдың ішіндегі жалғыз қызғалдақ. Анасының көмекшісі. Ресми есімі Виктория болғанымен барлық ауыл оны Әйгерім деп атайды екен. Қазіргі таңда Көкшетаудағы колледждердің бірінде білім алады. Мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Виктория Клепцова, студент:

- Менің болашақта арманым журналист болу. Ел аралап, жер аралап дегендей. Сондықтан басты мақсатым қазақ тілі мен әдебиетін меңгеріп, керек дүниелерді қабылдап алу. Содан кейін журналистикаға түсіп, жұмыс істеу.

Бір қызығы, Евгений де қазақ тілі мамандығын таңдапты. Талапты өрен осы уақытқа дейін көптеген облыстық, республикалық байқауларда топ жарған.

Евгений Клепцов, студент:

- Алдағы мақсатым оқуымды жақсы оқып, қазақ еліне адал қызмет еткім келеді. Оқуымды күшті оқып, ойымды жаттықтырып, қазақ тілін еркін меңгеріп түрлі конкурстарға қатысып жүрмін.

Ал үйдің кенжесі Иванның талғамы мүлдем бөлек. Оның арманы медицина саласында қызмет ету. Бос уақытында атқа мініп, ит жүгірткенді ұнатады.

Иван Клепцов, оқушы:

- Сабақтан кейін тамағымды ішіп, сағат төрттерде шығам. Ана жақтарға барам. Иттерді бірге ертіп алам. Бұл аттын атын мен «Ақжол» деп қойдым. Жолы ақ болсын, сүрінбесін, жолға шыққанда жолымыз болсын деп қойдым.

Үш бала да өнерден құр алақан емес. Ән айтып, өлең оқығанды жақсы көреді.  Оларды сахнаға аналары баулыған.

Гүлнәр Ыбраева, көпбалалы ана:

- Осы балалар келген кезде бірден тәрбие, тәртіп дедік. Өз балаларымыздан артық жақсы көрмесек, кем жақсы көрмейміз. Балалар оны жақсы біледі. Енді біз осы балаларға қазақы қандай салт-дәстүр бар, соның бәрін үйреттік. Мысалы, үлкеннің жолын кеспеу, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету дегенді балалар бәрін біледі.

Ыбыраевтар Зеренді ауданындағы үлгілі әулет. Биыл олар кәсіби қабылдаушы отбасылар тізіміне де кірген. Ал шаңырақтың отанасы аудандық аналар кеңесінің төрайымы. Отбасы мүшелері осы бастаманың басқа жанұяларға үлгі болуын қалайды. Себебі жетімдер үйіндегі әр бала ата-ана жылуы мен махаббаттын аңсайды. 

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Щинкаренко