Қызылорда облысында көз аурулары көбейіп барады

Бұрын қарт кісілер таяқ тастам жерді көрмеймін деп шағымданса, қазір көзілдірік кигендер жасарып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдыңғы жылдары өңірде 4,5 мың бала диспансерлік есепте тұрған болса, биыл олардың қатарына тағы 2 мыңдай жасөспірім қосылып отыр. Дәрігерлер оның басты себебін балалардың гаджетке көп үңілетіндігімен түсіндіреді.

Жанарының көруі нашарлаған балалар тізімі ай сайын толықтырылып отырады. Дәрігерлердің айтуынша, күнделікті қос шырағынан ақау табылған 15 шақты адам қабылдайды.

Ақманат Бағдәулетова, офтальмолог:

- Маусымдық көздің коньюктивит жедел түрде болатын жұқпалы ауруы жиі кездеседі. Күннің салқынымен байланыстырады. Ол енді көбінесе балабақшаға баратын балаларда бір-біріне жұғады. Мектеп жасындағы балаларда алыстан көрмеушілік көп кездеседі, Ол да бөлінеді. Көзілдірік киюге келетін түрі және келмейтін астигматизмі жоғары балалар да болады.

9 жастағы Нұрберген астигматизм, қылилық және көз қарашығының аномалиясы ауруларынан емделіп жүр. Көру қабілетінен мүлдем айрылып қалмау үшін ол анасымен бірге Жаңақорған ауданынан облыс орталығына қатынап жүр.   

Гүлзия Сәрсенбаева, Жаңақорған ауданының тұрғыны:

- Ауруханада жетіспейтіні, баланың көзін емдейтін аппараттары, дәрі-дәрмектері арасында болмай қалады. Дәріні өзіміз алып, емделіп жатамыз. Біреудің шамасы келеді, біреудің шамасы келмейді. Бала үшін табамыз ғой ақшаны. Шамам келмесе, порталмен ауруханаға келіп жатамыз. Бірақ ауруханада көбіне емі дұрыс жүргізілмейді.

Еркебұлан Нұрболат, офтальмолог:

- Пандемия уақытында бүкіл оқу орындары онлайн режимге өткесін, балалар гаджет пен телефонды көп пайдаланады. Соның бәрі баланың көру қабілетіне әсер етіп жатыр. Содан кейін балалар жастарына жетпей көзілдірік тағып жатқан жағдайы бар. Біздің облыстың экологиясына байланысты ерте туылған балалар өте көп кездеседі. Олардың патологиясын анықтап, нақтылап диагнозын қойғаннан кейін емі алу үшін мегаполис қалалар Астана, Алматыға жіберіп жатырмыз. 

Облыстық ауруханадағы офтальмологиялық бөлімшеге алдағы уақытта заманауи қондырғылар жеткізіледі деп күтіліп отыр. Одан бөлек, көз ауруын емдеуге машықтанған мамандар шақырылмақ. Дәрігерлер жалпы баланы таза ауада серуендетіп, көз жаттығуын көп жасатуға кеңес береді.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев.