Ақмола облысы Макинск қаласындағы оқушылар мектеп формасын өздері тігеді

Ақмола облысына қарасты Макинск қаласындағы мектеп-гимназиясының оқушылары биылғы оқу формасын өздері тігіп, мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерге сыйға тартыпты.

Бұдан бөлек, оқушылар мектеп ауласынан жылыжай ашып, көкөніс өсіруді қолға алған. Олар осы жұмыстың барлығын сабақтан тыс уақытта істейді.

Бұл мектеп ішінен ашылған шағын тігін шеберханасы.  Жоғары сынып қыздары бос уақыттын осында өткізуді әдетке айналдырған. Ал жаңа оқу жылынан бастап олар жаңа жобаны жүзеге асырады. Яғни төменгі сынып оқушыларына бір үлгіде мектеп формасын тігуді қолға алған.

Замира Темірхан, оқушы:

-  Осы жобаны бастамас бұрын біз мектеп формасының үлгісі мен түсін алу керек болды. Сол үшін біз оқушылардан сұрап, арнайы сайыс өткіздік. Осылайша, біз бір форманың үлгісін таңдап, сол бойынша жұмыс жасауды  бастадық.

Раушан Сатыбалдина, оқушы:

- Алдымен біз қыздар мен ұлдардан дұрыс өлшем алдық. Матаны қиып, оны бітіктірдік. Матаны тігу барысында оның шеті ыдырап кетпес үшін арнайы туырлағыш машинамен туралап алдық. Тігу барысында жаңа тігу машинасымен тігуді үйрендік. Желет пен белдемшенің тігу техникасын үйрендік. Желеттің ішкі тысы жұмсақ болғандықтан қиған кезде қиындықтар туындады.

Жас тігіншілер осы уақытқа дейін 10-нан астам мектеп формасын тігіп шығарған. Шеберханадағы жаңа қондырғылар оқушылардың жұмысын  сәл де болсын жеңілдетеді. Айталық, оқушыларға тігін машиналарын жергілікті демеушілер сыйлаған. Енді қолөнер шеберлері тек бір ғана өніммен шектелмей, басқа да бұйымдар жасауға бейімделіп жүр.

Назерке Бопан, технология пәнінің мұғалімі:

- Көркем еңбек сабағында қыздар көбінесе кілемдер тоқиды. Өздеріне керек бұйымдар тігеді. Сумкалар тігеді өздеріне. Сыйлық ретінде көптеген заттар жасайды. Бұл іс ең алдымен ұқыптылыққа үйретеді. Қыздар бірдемені үйренуге құмар келеді ғой. Соны әрі қарай дамытуға әсер етеді.

Мектеп оқушылары қолөнермен ғана емес, көкөніс өсіруімен де айналысады. Көктем мен күз айларында оқу ошағы жанындағы жылыжайда жұмыс қыза түседі. Дайын өнім толығымен мектеп асханасында сақталып, оқушылардың өздеріне беріледі.

Светлана Артемьева, аудандық білім бөлімінің әдіскері:

- Дәл қазіргі уақытта мектепте 15 жоба жүзеге асып жатыр. Оның бірі аяқталуға жақындаса, енді бірі басталып жатыр. Ең бастысы оқушыларға ұнайды. Сол себепті осындай пайдасы бар жобаларды көбейту жоспар да бар.

Қазіргі таңда мектепте бір мыңнан астам бала білім алады. Олардың барлығы дерлік осы жобаларға белсене қатысады. Демеушілер болса, аудандағы басқа да мектептерде осы жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евегений Шинкорека