Жетісу облысында көше мен аулаларды су басты

Жетісу облысының Кербұлақ ауданына қарасты Қызылжар ауылында 1 көше мен 4 ауланы су басты.

Күннің күрт жылынуына байланысты егістіктен еріп аққан қар суы Шыныбек көшесінің бойымен аққан. Абырой болғанда, тұрғын үйлерді су басқан жоқ. Қазір су деңгейі төмендеп жағдай тұрақталды. Еріген қар суы Байғазы өзеніне құйылып жатыр. Жағдайды қалпына келтіруге жергілікті атқарушы органдар мен Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 66 қызметкері мен 11 бірлік техникасы жұмылдырылды. Олардың күшімен ауылдағы арық жүйесін тереңдету, инертті материалдар дайындау және егістіктен аққан суды ауылдан бұру мақсатында арна қазылып жатыр.