Астана әкімі Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады

Астанада ерлерге қарағанда әйелдер көп. Бірақ әдеміліктің көптік етпейтіні бар.

Ресми мәліметке сүйенсек бас қаладағы 1 млн 300 мың адамның басым көбі нәзікжанды. Олардың жүз мыңға жуығы жеке ісін ашып, кәсібін жүргізіп отыр. Бүгін елорданың қалыптасуына өзіндік үлес қосқан қыз-келіншектерді қала әкімі Жеңіс Қасымбек құттықтады.

Бұл залға жиналғандардың көбі көпбалалы ана, дәрігерлер мен ұстаздар, әскерилер мен коммуналдық қызмет өкілдері. Бәрі де өз ісіне адал. Еңбегімен еленгендер. Бүгінгі кеште өздері де ақжарма тілектерін жеткізді.

Егеухан Мұхаммәдиқызы, 10 балалы ана:

- Халықты халық болғызып, болашаққа жеткізіп отырған осы аналар. Ұрпақтары аналарын құттықтап жатыр. Оған мыңда бір алғыс айтамын.

Сындар Дәуешова, Астана қаласының тұрғыны:

- Барлық отбасыға жылылық, бақ-береке. Осы әйелдің жылылығы, махаббаты мәңгілік болсын. Ұлытымыз үшін ұрпақ тәрбиесіндегі бір қолдымен бесікті бір қолымен әлемді тербетер әйелдер аман болсын.

Қазір елордадағы мемлекеттік қызметкерлердің 60 пайызға жуығы әйелдер. Ал денсаулық сақтау мен білім беру жүйесінде 30 мың әйел жұмыс істейді. Олардың барлығының да ұрпақ тәрбиесіндегі орны зор дейді қала әкімі.

Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:

- Президент бастамасымен әйелдерді әлеуметтік және саяси қолдау шаралары қолға алынды. Осы ретте мемлекеттік қызметте заң шығару және жергілікті органдарда әйелдердің саны көбеюде. Сонымен қатар ана капиталына мемлекеттік үлкен көңіл бөлінуде. Әйелдердің рөлін кеңейту мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. 

Халықаралық әйелдер күніне орай елордада ондаған түрлі мерекелік іс-шара ұйымдастырылады. Оның ішінде көрме, концерттік бағдарламалар, спорттық жарыстар бар. Ең маңыздысы, үш күн бойы қала көшелерінде қыз-келіншектерге гүл шоқтары  таратылады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Ақылбек Есімсейітов