Алматылық ер азамат киім тігудің жаңа технологиясын меңгерген

Қолына ине ұстап, іс тігетін ер азаматтар қазір таңсық емес. Алайда Бақдәулет Парсаханов – заманауи технологияны меңгерген жаңашыл тігінші. Және ол тек ерлерге арналған классикалық үлгідегі пиджак, пальто тігеді. Орта мектепті бітіре салып, тігіншілікті меңгерген шебердің ерекшелігі неде?

Бақдәулет қазір көктем мен күз мезгілдерінде киюге арналған пальто тігіп жатыр. Тапсырыс беруші шибарқыт матасын ұнатыпты. Басты мақсат – денеге қонымды, терлетпейтін сырт киім тігу. Мұның сыры жаңа технологияда жатыр, - дейді жас шебер. Бұл кеңестік кезден қалыптасқан ескі әдістен өзгеше. Киімнің ұсақ бөлшектері қолмен тігіледі. Желім пайдаланылмайды. Бір костюмді тігуге бір ай уақыт кетеді екен.  

Бақдәулет Парсаханов, тігінші:

- Технология «bespoke» деп аталады. Біздің костюмдер 70-90%-ке қолмен тігіледі. Біріншіден, және барлық қағаз үлгілер, пиджактың, соның ешқандай дайын үлгісін қолданбаймыз, тек клиенттің өлшемдерін аламыз да, сол өлшемдермен белгілі бір формулалар арқылы сол клиентке ғана шақ болып келетін пиджак тігеміз, костюм тігеміз.

Мынадай үлгідегі костюмдерді тек сән журналынан көруге көз үйренген. Шын мәнінде, Бақдәулеттің қолынан шыққан классикалық киімдер бұдан еш кем емес. Мәселен, үстіндегі костюм өз қолынан шыққан.

Айтпақшы, Бақдәулеттің ине ұстап, тігін тігуіне анасы қарсы болыпты. Бірақ іздене жүріп, ұстазы Әсет Аймановтан небары 6 айдың ішінде костюм тігуді меңгеріп алған соң таңдауының дұрыстығына анасының көзі жетеді.

Бақдәулет Парсаханов, тігінші:

- Ата-анам басында қарсы болды деуге болады. Өзім үйреніп жүрген кезімде бірінші қалталарды кішкентай маталарға істейтінмін. Әр қалтаны мамаға апарып көрсетіп, мақтанып, солай болған. Сол кездерден бастап талпынысымды, әрнеге қуанатынымды көріп, өзі де қолдай бастады.

Бақдәулет ерлердің классикалық киімін тігіп қана қоймай, әлеуметтік желіде талғаммен киінудің сырымен бөліседі. Әзірге оның бірегей костюмдеріне тапсырыс аз. Алайда дененің ерекшелігіне қарай киім тіктіріп кию мәдениетінің қалыптасуына аз да болса үлес қоссам, бұл мен үшін үлкен жеңіс, - дейді жаңашыл тігінші.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев.