Қазақстандықтардың 12 проценті созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан

Қазақстандықтардың 12 проценті созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан.

Бұл туралы елордадағы номері бірінші аурухананың нефрология бөлімінің меңгерушісі Думан Төребеков мәлім етті. Маманның айтуынша, бұл дертке шалдыққандар саны жыл сайын өсіп жатыр. Оған күретамырлы қысымның көтерілуі, семіру, қант диабеті сынды диагноздар кері әсерін тигізіп отыр. Қазір 8 мыңнан астам пациент үнемі қан тазарту процедураларына баруға мәжбүр. 3 мың адам бүйрек трансплантациясына кезекте тұр. Олардың 61-і - бала. Ахуалды жақсарту үшін нефрологтар халықаралық бүйрек күні үлкен жиын өткізуді жөн көрді. Дәрігерлер азаматтарды бұл ауруға бей-жай қарамауға шақырды.

Думан Төребеков, №1 қалалық ауруханасы нефрология бөлімінің меңгерушісі:

- Егер бүйрек ауруы ертерек анықталса, оны емдеп шығуға болады. Бұл дерттің 5 сатысы бар. Ауру 4-сатыға жетсе, онда толық айығып кету мүмкін болмайды. Осы орайда әр адам өз бетімен дер кезінде қан тапсырып, тексерістен өтуі қажет. Бүйрек ауруы жүрек пен мидың жұмысына да кері ықпал тигізетінін естен шығармаған абзал.