Шымкентте техникалық мамандарға сұраныс бар

Биыл Шымкентте 1600-ден астам жұмыссыз азамат кәсіптік оқу курсынан өтеді.

Олар еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандық бойынша үш ай тегін оқып, тұрақты жұмыспен қамтылады. Біліктілігін артырушыларға шәкірт ақы да тағайындалған. Қазір тиісті басқармада ынталы жандарды тіркеу жүріп жатыр. Бұл туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері мәлімдеді. Жұмыссыз азаматтар бір ай бойы теориялық білім алып, кейін арнайы мекемеде екі айлық іс тәжірибеден өтеді. Кәсіпорындар мен мекемелер практикалық білімін жетілдірген азаматтарға жұмыс орындарын ұсынуы тиіс. Биыл ұлттық жоба аясында шаһар тұрғындарының 33 500-і  жұмыспен қамту шараларына тартылады. 

Шағдат Әсет, қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Қазіргі таңда тігіншіні оқығысы келеді. Кондитер мамандығын оқығысы келеді. Ер азаматтарымыз дәнекерлеуші, автомеханик, автоэлектрик мамандықтарын оқу бойынша сұраныс көп. Қазіргі таңда мыңға жуық өтінімдер жиналды азаматтардан осы мамандықтарды оқимыз деген.