Батыста су тасқыны қаупі сейілмей тұр

Батыс Қазақстан облысында әзірге тасқын қауіпі сейілмей тұр. 

Мәселен, қала іргесіндегі Деркөл өзенінің деңгейі нормадан асып, Маштаков ауылындағы 80-ге жуық үйдің тұрғындары қауіпсіз аумаққа көшірілді. Тасқынға тойтарыс беруге мыңға тарта адам жұмылдырылды. Көршілес Атырау мен Маңғыстау облыстарының құтқарушылары да қолғабыс беріп жатыр. Соның нәтижесінде  су басқан 6 үйден су толығымен сорылды. Бұл Сырым және Теректі аудандарының эвакуацияланған 30-ға жуық тұрғынына өз үйлеріне оралуына мүмкіндік берді. Тағы 33 адам уақытша эвакуациялау пункттеріне, 206 адам туыстарының үйлеріне орналастырылды. 300-ге тарта мал қауіпсіз жерге шығарылыпты. Өңірде «Жедел желі» телефоны жұмыс істейді, оған ақпараттық сипаттағы 189 қоңырау түскен. Қазір 54 үйдің аумағында су сору және су бұру каналдарын төсеу бойынша жедел жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында отыз шақты үйге су кірген. Тасқынның бетін қайтаруға 300-дей адам тартылған. Олардың қатарында еріктілер де бар. Ақсайдың іргесіндегі Пугачев, Қызылтал және Аралтал ауылдарында да жағдай мәз емес.

Арсен Баяндықов, Ақсай қаласының әкімі:

- Қызылтал ауылында қазір су сору жұмыстары жүргізілуде. Қазір Аралтал ауылы Шыңғырлау өзенірің бойында орналасқан. Қазір таңда жоғары орналасқан екі елді мекен Ақсу және Кеңтүбек елді мекендерінде Шыңғырлау өзенінің түсуі байқалуда. Болжам бойынша бүгін Аралтал ауылында да су көтерілуі тоқтап, су тартылады деген болжам бар. Ақсай қаласында үш эвакуациялық пункт орналасқан. 3-7 және 8 мектептерде олар тиісінше Ақсай қаласының орталығында және Қызылтал, Аралтал ауылында 40 шақты адам сол пункттерде орналасып ыссы тамақпен және жататын орындармен қамтамасыз етілді.