Байқоңыр қаласының тұрғындары тарифтің арзандауын күтіп отыр

«Байқоңыр» қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлер, шағын және орта бизнес нысандары қазақстандық көгілдір отынға қосылды. Бұрын тұрғындар газдың 1 текше метріне валюта бағамына қарай 800-900 теңге шамасында төлеп келген болатын. Қазір абоненттік төлем Қызылорда облысының орташа тарифімен теңестіріліп, 14 теңгеге дейін түсті. Жылу электр станциясы да табиғи газға ауыстырылып жатыр. Бұл өз кезегінде жылу мен ыстық су бағасының төмендеуіне тікелей әсер етпек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байқоңырдағы жылу электр станциясындағы 12 қазандықтың бірнешеуі өткен жылдың аяғында қазақстандық энергетикалық магистральға қосылған болатын. Отандық табиғи газ экономикалық әрі экологиялық тиімділігін дәлелдеп берді. 1956 жылы көмір жағылып, іске қосылған станцияның барлық бу қазандығы мен турбогенераторлары көгілдір отынға ауыстырылады.

Нұрлыбек Исмағұлов, жылу электр станциясының басшысы:

- Бір қыс табиғи газ жағып шықтық. Барлығы 1275 гигакалория энергия өндірсек, соның 1202 гигакалориясын көгілдір отынға қосылған қазандықтар өндірді. Яғни, мазутқа қарағанда әлдеқайда тиімді. Енді 4 турбогенераторды газға көшірсек, қаланы электр энергиясымен қамтуға да мүмкіндік туады. Әзірге зымыран ұшыруларына ғана резервтік электр тоғын беріп отырмыз.

Байқоңырда сондай-ақ 214 шақырымдық ауызсу және 212 шақырымдық кәрізсу жүйелері де жаңғыртылып жатыр. Қазақстан инженерлік инфрақұрылымды 12 млрд теңгеге жаңартып жатыр. Өйткені қазір Байқоңырдағы тұрғындардың 75%-і – ел азаматтары.

Қанатбек Бейсембеков, жылу электр станциясының бас инженері:

- 2021 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың сәуіріне дейін сумен жабдықтау және су бұру құбырларын ауыстырудың 1 кезеңі жүзеге асырылды. Биыл 2 кезең басталады. Қазір ақаулар зерттеліп, авариялық нүктелер анықталып жатыр.

Енді сол ғарыш айлағында су, жарық пен жылудың ақысы да шарықтап тұр. Қызылордадағы коммуналдық тарифпен салыстырсақ, 6 есе қымбатқа шығады екен. Мәселен, транзиттік желіден 17 теңгеге алынған электр жарығы байқоңырлықтарға 50 теңгеден беріледі. Одан бөлек, неге екені белгісіз байқоңырлықтар жылу ақысын 12 ай бойы төлейді. Оған ыстық суды қосыңыз. Тым жоғары коммуналдық төлемдер мәселесі алдағы үкіметаралық комиссияда қаралмақ.    

Қайрат Нұртай, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі:

- ҚР мен РФ Президенттерінің тапсырмаларына сәйкес осы газдандыру жұмыстары басталған. Жылу электр орталығының қазандықтарын газға ауыстыру қалай аяқталады, жылуға тариф түседі. 2027 жыл деп жоспарлап отыр. Электр жарығы мен су мәселелері облыс әкімінің тікелей бақылауында. Ресей тарапымен осы мәселелерді шешу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Айта кету керек, Байқоңыр 2050 жылға дейін жалда болғаннан кейін қандай да бір мәселелер болмасын үкіметаралық комиссияда көтеріліп, шешімін табады. 

Байқоңырлықтар отандық газ секілді су мен жарықтың да арзандауынан үмітті. Жұлдызды қалашыққа көгілдір отын тартылған құбырдың бойында отырған іргедегі Төретам мен Ақай ауылдарының тұрғындары болса қазақстандық газ құбырына қосылуды армандап жүр.

Авторлары. Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев.