Павлодар облысында орман шаруашылығы базасы күшейтіледі

Павлодар облысында орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы нығайтылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол үшін республикалық бюджеттен қомақты қаржы қарастырылған. Бірінші кезекте өрт сөндіру техникалары алынады.

Сондай-ақ Баянауыл ұлттық паркі заманауи күзет кешенімен толығады. Былтыр Павлодар облысында орман өрті өткен жылмен салыстырғанда 36 оқиғаға көп тіркелген. Қызыл жалын шарпыған аумақ 240 гектардан асады. Келтірілген шығын көлемі де артып отыр. Мамандардың айтуынша, орман және дала өрттерінің 75%-і жоғары ток разрядынан, яғни найзағайдан шығады.

Табиғи құбылыс қосымша өрт сөндіру бекеттерінің санын көбейтуге міндеттейді. Биыл өңірге көктем ерте келді. Қырда қар еріп жатыр.

Қайрат Шаймарданов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Өрт сөндіруге жалпы саны 800-ге тарта адам жұмылдырылады. 190 техника болса, оның 75-сі – су таситын машиналар. Қосымша 116 техника тартылады.  Жағдай ушықса, мемлекеттік өртке қарсы күрес қызметінің қосалқы жасағы мен жүріп өту мүмкіндігі жоғары техникалары мен әуе борты көмекке келеді.

Руслан Төлепбаев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:

- Биыл тәжірибе жүзінде Павлодар облысының аумағындағы «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватына өртті шұғыл түрде анықтайтын оптикалық-сенсорлық бақылау мұнаралары алынады. Мұндай құрылғы Семей резерваты мен Бурабай ұлттық паркінде бар. Сәуір айында байқау процедуралары басталады. Жаз айында мұнаралар орнатылады.