Қостанай облысының ауыл мектептеріне 28 автобус берілді

Наурыз мейрамына орай Қостанай облысының ауыл мектептеріне 28 автобус берілді. Жаңа көлік балаларды қауіпсіз тасымалдауға мүмкіндік береді. Автопаркті жаңартуға жергілікті қазынадан 1 млрд-тан астам теңге бөлінді. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жаңа автобустардың кілтін тапсырып, көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жаңа автобустар соңғы үлгіде құрастырылған. Тек мектеп жасындағы балаларды тасымалдауға арналған. Қоғамдық көліктердің кілті 13 ауданға қарасты шалғай ауыл мектептеріне тапсырылды. Енді балалар мектепке де, облыстық байқаулар мен олимпиадаларға да бара алады.

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

- Облыс бойынша 2,5 мың бала мектепке тасымалданады. Ал 300-дей оқушы апта сайын жеткізіледі. Барлығы 145 автобус қатынайды. Оның жартысы соңғы 5 жылда сатып алынды. Ендігі кезекте оқу сапасын арттыруға басымдық беру керек.

Заманауи автобустар жылдамдық шектегіш және пандуспен жабдықталған. Ал шұғыл апаттық жағдай кезінде арнайы батырманы басып, жүргізушіні шақыруға болады. 

Айгүл Арғынғазина, Қарасу ауданы Ы. Алтынсарин атындағы мектеп директоры:

- Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көп көмек береді. Мына жерде белбеулері бар. Бейнебақылау, бәрі-бәрі бар. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өте жақсы. Қазір балалар қуанатын болды.

Облыстағы білім беру ұйымдарының автопаркі жыл сайын жаңартылып келеді. Мәселен, соңғы 2 жылда 9 автобус және 12 шағын автобус сатып алынды. Бұған бюджеттен 322 млн-нан аса теңге жұмсалды.

Ақылбек Жігітов, автобус жүргізушісі:

- Жақсы нәрсе деймін. Енді балаларымыз жаңа автобуста қуана жүрер енді. 

Биылдың өзінде аймақта 81 мектеп жаңғыртылады. Ал 2025 жылға дейін қала мен ауылдарда 9 мектептің құрылысы жоспарланған. Бұл «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асады. Ауылдағы білім ұяларына заманауи 10 пәндік және 9 робототехника кабинеті пайда болады. Осылайша, 44 мың ауыл оқушысына сапалы білім алуға мүмкіндік туады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров.