Алматыда зейнеткерлерге арналған демалыс орталығы ашылды

Наурыз мерекесіне орай Алматыдағы «Alma city» тұрғын үй кешенінің аумағында қарттарға арналған «Сенім» демалыс орталығы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік жоба зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізуге, денсаулығын түзеуге мүмкіндік береді. Орталықта қаржылық, компьютерлік сауатты көтеретін курстар бар. Йога сауықтыру жүйесі, бильярд, үстел теннисі, фитнес бағдарламасы, шахмат, тоғыз құмалақ, вокал студиясы, караоке, хор – мұның бәрі зейнеткерлер үшін тегін.

Алдағы уақытта осындай орталықтарды көптеп ашу жоспарда бар, - дейді ұйымдастырушылар. Орталықтың ашылу салтанатында қонақтар Наурыз дастарханынан дәм татып, мерекелік концерт тамашалады.

Роза Аймамбетова, зейнеткер:

- Бағдарламасын беріп жатыр, түрлі-түрлі курстар ашылады деп жатыр. Фитнес, вокал, дойбы, шахмат деп жатыр, ол біздің зейнеткерлерге уақыттарын өткізуге өте қолайлы. Үйде төрт қабырғаға қамалып отырғанша, мына жерге келіп, уақыттарын өткізіп, бір уақыт адамдармен араласып, ол үлкен адамның жасын ұзартады, денсаулығын жақсартады деп ойлаймын.