Қарағанды облысында кәріз суы кері қарай ақты

Қарағанды қаласында кәріз құбыры бітеліп қалып, коллектор бойындағы құдықтың біразы қалдық суға толып кеткен.

Соның кесірінен кері қарай ағып, тұрғын үйлердің жертөлесіне кірді. Жауапты мамандар екі ай бойы жұмыс істеп жатыр. Алайда қардың күрт еруі жағдайды одан әрі ушықтырып жіберген.

Алысып жатқанымызға уже бір аптадан асып кетті. Мынау масқара болды.

Бұл қаланың Оңтүстік Шығыс ауданында салынып жатқан жаңа үйлердің бірі. Жертөлесі қалдық суға көлкіп тұр. Құрылысшылардың айтуынша, үйдің жанындағы кәріз құдықтары ернеуінен асып, кері аққан.

Алтай Құсайынов, құрылысшы:

- Насосный, коллекторлардың бәрі жұмыс істемейді. Бүкіл су осы біздің объектінің подвалына келіп жатыр. Кеше түнгі 12-ге дейін алыстық. Машиналар жалдадық. Кеше өзіміздің мына жердегі электрощитовойымыз атылып кете жаздады. Судың биіктігі 80 сантиметрге дейін жетті.

Кәріз құдықтарының толып кетуіне негізгі құбырдың бітелуі себеп болып отыр. 10-шы коллектордан қалдық су өтпей қалған. Оны мамандар осыдан 5 жыл бұрын жөндемек болып, ішін полиэтиленмен қаптаған болатын. Алайда қатты ағысқа шыдас бермей сыпырылып түсіп, құбыр ішінде кептеліп қалады. Мамандар қазір дәл осы бітелген тұсын тауып, екі жағынан жауып, тазалауға көшкен.

Кенжан Дауылбаев, коммуналдық мекеме бас директорының орынбасары:

- Қазір подрядное организация құбырдың ішін тазалап жатыр. Сол тазалап біткеннен кейін біз траншеяны жауып, сол құбырды іске қосамыз. Енді осы аптаның аяғына дейін деп өзіміз ойлап отырмыз бұл жұмыстарды бітіреміз деп. 

Сала мамандарының айтуынша, қардың күрт еруі жағдайды күрделендіріп жіберген. Суағарлар дұрыс жұмыс жасамағандықтан қарғын судың барлығы кәріз құдығына құйылып жатыр. Қысым жоғары. Сондықтан коллектор іске қосылғанша, құдықтан атқылаған кәріз суын келесі құдыққа арнайы қазылған арықпен ағызуға тура келген. Әйтеуір қоршаған ортаға еш зияны жоқ деп сендірді. Ал жалпы қалада қазір 700 шақырым кәріз құбыры болса, соның 75 проценті әбден тозған. Соңғы 12 жылда тек 150 шақырымы ғана жаңартылыпты. Қалғанын жөндеуге қыруар қаржы керек.  

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар