«АрселорМиттал Теміртаудың» конвертер цехы ендігәрі біршама қауіпсіз болады

«АрселорМиттал Теміртаудың»  конвертер цехы жұмысшылар үшін енді біршама қауіпсіз болады.

Себебі комбинат өкілдері жаңа автоматтандырылған технология енгізіп жатыр. Бастапқы кезеңде роботтандырылған өлшеу қондырғысы сынақтан сәтті өткен.

Балқыған болаттың астындағы қысымды енді робот өлшейді. Қазір бірінші және екінші конвертер үшін қос робот алынған. Бұрын бұл жұмыс адам күшімен атқарылып, салдарынан жұмысшыларға белгілі бір деңгейде қауіп төнетін. Енді робот он секундта барлық қажетті деректерді береді.

Денис Ломакин, "АрселорМиттал теміртау" АҚ Бастапқы өндіріс жөніндегі директоры:

- Жұмысшылар енді тек қашықтықтан ғана батырмаларды басып қана отырады. Бұрынғыдай қауіпті жерге кірмейді. Осының нәтижесінде күйік шалу немесе қандай да бір жарақат алу барынша азаяды. Биыл тағы да үшінші қондырғыны сатып алуды жоспарлап отырмыз.

Комбинаттағы конвертерлік цехті жаңғырту жобасы 2019-шы жылы басталған. Әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын аустриялық компания жергілікті технологиялық процесті ескере отырып осы аппаратты жасап шығарған.  Оны орнату жұмыстарын қазақстандық мамандар жүргізіпті.

Владимир Фоменков, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Конвертерлік цехы болат балқыту учаскесінің бастығы:

- Қондырғыны игеру соншалықты қиын емес. Бұрындары қысым күшті болып тұрған кезде су құйылып, салдарынан жарылыс орын алған жағдайлар болған. Енді жұмысшылар тек қашықтықтан басқарып отырады.   

 Алғашқы манипулятор қазір сынақтан сәтті өткен. Болашақта комбинаттың барлық конвертеріне осындай құрылғы орнату жоспары бар.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар