«Наурыз» ұлттық телехикаялар байқауының жүлдегерлері анықталды

«Наурыз» Ұлттық телехикаялар байқауының жүлдегерлері анықталды. Отандық сериалдар контентін кәсіби тұрғыда бағалайтын байқау Астанада алғаш рет ұйымдастырылды.

Өнер бәйгесі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өтті. 13 номинация бойынша жеңімпаздарға  қаржылай сыйлық табысталды. 

Бұл күнді отандық кинематографистер қауымы ерекше күткені анық. Қызыл кілеммен жүріп өткендердің көңілдері көтеріңкі. Көңілдің көтеріңкі болуы - еңбектің еленгені! Олардың қатарында тек қазақстандықтар ғана емес, шетелден арнайы келген қонақтар да бар.

Вильма Эллес, Түрік актрисасы:

- Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Бүгінгі бәйгеге арнайы қонақ ретінде қатысуға шақырды. Өте қуаныштымын. Өзім осы салада еңбек еткендіктен, оның қиындығын түсінемін. Бүгінгі жүлде жеңімпаздарға шабыт сыйлайды деп ойлаймын.

Байқауға қатысу үшін 250-ге жуық өтініш түскен. Тәжірибелі режиссерлер мен продюсерлерден құралған қазылар алқасы олардың арасынан 52 жобаны іріктеді. Әр номинация бойынша 4 үміткер бақ сынаған. Сөйтіп, «Үздік тарихи телехикая» номинациясын Ұлттық арнаның «Міржақып. Оян қазақ» сериалы иемденді. Ал комедиялық телехикаялар желісінде «Хабар» арнасы ұсынған «Келінжан» сериалы «үздік» шықты.

Гүлнұр Мамасарипова, "Келінжан" телехикаясының продюсері, сценарисі:

- Мен үшін бұл силықтың, бұл премияның  мағызы өте жоғары. Мен өткенде келгенде айтқанмын- телесериалдар нарығы үлкен индустрияға айналды, бұған кенже ұлдың жағдайымен қараудың қажеті жоқ. Сондықтан осылай бірінші рет телесериалдарды бөліп алып, соның ішінен үздігін таңдап жатыр екен, шынымды айтсам, өте қуаныштымын.

Рүстем Жаныаманов, "Келінжан" телехикаясының актері:

- Келінжан туындысы қарапайым һалықтың болмысын көрсетті, тіршілігін көрсетті, сонысымен һалықтың жүрегінен ойып тұрып орын алды деп ойлаймын. Өзіміз ауылдың баласымыз, көріп жүрген ағайлар бар, қанша ұстаз көрдік деген сияқты, сол типажға келетін бір кісілерді іліп алғаным өз басыма рольды зерттеген кезде, ұқсатып әйтеуір осының бәрі жиналып собирательный образ дейдіғой, содан туылған дүние деп ойлаймын.

«Үздік веб-сериал» номинациясы «Салем Соушл Медиасы» ұсынған «Сержан братан» хикаясына бұйырды. Ал Дулыға Ақмолда мен Жанель Серғазина актерлердің арасынан суырылып шығып, «үздік» атанды.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің м.а.:

- Қазір бізде сан да, сапа да артып келеді. Біз қаражат жағын да көбейтуді қарастырып отырмыз. Отандық сериалдар сыртқы және ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие болып отыр. Жүзден жүйрік мыңнан тұлпарды анықтау, әрине, оңай емес. сондықтан осындай қиын, абыройлы міндетті абыроймен атқарған әділқазылар алқасына да  шынайы ризашылығымды білдіремін.

 «Наурыз» Ұлттық телехикаялар бәйгесінің мүсіншесі «үздік» режиссер, сценарист, монтажер және операторларға бұйырды. Барлық жеңімпазға бір миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды. Алда бұл байқауды дәстүрге айналдырып, жылда өткізу жоспары бар.

Авторлары: Альмира Оразбай, Жандос Битабаров