Қарағанды зообағында қара аққуларды көруге болады

Қарағанды зообағына осыдан біраз уақыт бұрын әкелінген қара аққулар карантин мерзімнен шықты. Енді олар өзге құстармен бірге өмір сүреді. Жабайы табиғатта өте сирек кездесетін сұлулық символы тәлімбаққа өткен жылдың соңында жеткізілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарағандыға алғаш келген қара аққулардың жалпы табиғаттағы ерекшелігі осы. Олар бір-бірімен саңқылдап тілдеседі. Шымкент қаласынан жеткізілген құстардың жасы 5-тен асқан. Негізі біздің елде аққудың сыбырлақ және сұңқылдақ аққу деген 2 түрі ғана бар. Қара аққулар да Қарағандыға тез үйренген.

Ербол Байжанов, Қарағанды зообағының ғылыми қызметкері:

- Бұл Аустралияда, АҚШ, Жаңа Зеландия жақта өмір сүреді. Қазір бұлардың жағдайы өте жақсы. Бұлар табиғатта көбіне ұшып кетпейді, бір тоғанда өмір сүре береді. Содан кейін балапан басады 5-7 сегізге дейін барады. Сосын балапандарын бірге аяқтандырады.

Құстардың тәбеті жақсы, оларға берілетін азық қатаң бақыланады. Өткен жылы зообақ әкімшілігі аң-құсқа қалдық әкеле сап құтылғысы келген 26 мердігермен соттасып, келісімшартты бұзыпты. Құстардың ас-суы дұрыс болса, жағдайы да жақсы болады, - дейді мамандар.

Жалпы, хайуанаттар бағы сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарларға пана. Аққумен қатар мұнда қара тұмсықты тукандар әкелінген. Бұдан өзге зообақты тауыстар да түрлендіріп тұр. Осындай құстың 40 түрі мен 175 басы бар.

Гүлнар Адамбекова, Қарағанды зообағының директоры:

- Біз жақында ақ тауыстың аталығын алып келдік. Себебі біздегі 5 тауыстың барлығы аналыққа жатады екен. Енді жақында әдемі құстар тіптен көбейе түседі деп күтіп отырмыз. Себебі аталық павлин жақында ғана карантиннен шығып осында қосылған, 5 бірдей аналықтың қоршауында қалды. Оған бұл жер өте ұнайтын секілді. 

1 сәуір Халықаралық құстарды қорғау күніне орай мұнда кәдімгі мерекелік шара өтеді. Ең әдемі құс ұясын жасап әкелгендерге сый-сияпат беріледі. Бұл 20 жылға жуық уақыт бойы өткізіліп, дәстүрге айналған шара.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зулпыхар.