Түлкібас ауданының Састөбе кентіндегі орталық саябақ аумағы абаттандырылып жатыр

Түркістан облысы Түлкібас ауданының Састөбе кентіндегі орталық саябақ аумағы абаттандырылып жатыр.

40 жыл бұрын пайдалануға берілген парк әбден ескіріп, қараусыз қалған еді. Сонымен қатар кентте ауыл тұрғындарының өтінішімен бой көтерген дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталып, ел игіліне берілді. 

Састөбе кентіндегі орталық саябақ өткен ғасырдың 80-ші жылдары салынған. Аумағы 2 гектар. Қариялардың айтуынша, заманында бұл жер керемет парк болған. Кейін қараусыз қалып, талан-таражға түскен. Ауыл тұрғындары соңғы он жылдан бері саябақты қалпына келтіруді үздіксіз көтеріп келеді. Өткен жылы күзде аудан бюджетінен 100 млн теңгеге жуық қаржы қаралып, абаттандыру жұмыстары басталған. 

Оңласбек Жүмеков, ауыл ақсақалы:

- Келешекте ағаштарды жаңартсақ дұрыс болар еді. Былтырдан бері осы жерді қолға алып, істеп жатыр. Рахмет, келешекте жастарға, адамдардың демалуына өте жақсы болар еді.

Қазір орталық саябақ аумағы толық жаңғыртылып, ескі ағаштардың орнына жаңа көшеттер отырғызылуда. Сондай-ақ футбол, баскетбол және 2-балалар ойын алаңшасының құрылысы жүріп жатыр. Мамандар стрит воркаут, велосипед жолы және мереке күндері концерт қоятын үлкен сахна салынып, парк айналасы толық қоршалатынын айтады.

Алмас Бейсеев, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Тұрғындар тынығып отыратын скамейкалар, жарықшамдар орнату жоспарлануда. Саябақтағы ағаштардың ортасына субұрқақ қою жоспарланып отыр. Аталған жұмыстардың барлығы биылғы жылдың шілде айына толығымен аяқтап, елге пайдалануға беруді жоспарлаудамыз.

Дәрігерлік амбулатория ашылды

Өткен жылы дәл осы парк маңынан 75 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулатория салынып, жақында пайдалануға берілді. Бұрынғы емхана әбден ескіріп, тозған болатын. Ауыл асқалдары әкімдікке өтінішпен шығып, жаңа нысанның салынуына түрткі болды.

Мавлюда Дадаева, ауыл тұрғыны:

- Мұнда барлық условия жасалған. Мысалы мына система бітейін десе, біз мына түймені бассақ, мейірбикелер жедел келіп, системаны өшіріп, жағдаймызды бақылап отырады.

6 мыңнан аса халыққа қызмет көрсететін мекемеде 5 дәрігер мен 15 орта буынды медицина қызметкері еңбек етеді. Мұнда келушілерге барлық мүмкіндік жасалған.

Тельман Әлиев, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

- Дәрігерлік амбулаторияның ішінде 16 орынға арналған күндізгі аурухана бар. Күндіз науқастар келіп жатып, емін алады. Дәрігерлік амбулаторияға қажетті барлық құрал-жабдықтар бар. Зертханасы бар, әйелдерді қарайтын креслолар бар, маман тапшылығы жоқ.

Биыл Түркістан облысында жергілікті бюджет есебінен Сарыағаш, Отырар, Қазығұрт аудандарында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, тағы 4 ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында фельдшерлік-акушерлік пунктің құрылысы басталды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов