Елде трамадолға тәуелділік артып барады

Елдегі дәріхана препараттарын есірткі ретінде тұтыну дерегі көбейді. Денсаулық сақтау министрлігі осылай деп дабыл қағып жатыр.

Әсіресе трамадолға сұраныс көп. Оны дәріханалардан ғана емес, интернет арқылы да сатып алуға болады. Ауырсынуды басатын препарат таяуда «есірткілік зат» ретінде ресми түрде мойындалды.

Күні бойы дәріхана аралау әдетін Руслан осыдан жарты жыл бұрын әрең дегенде қойған. Жаман әдетін тыю үшін мамандардың көмегіне де жүгінген. Трамадолға тәуелділігі 35 жасында басталды. Алғашқы дозасынан-ақ ұнаған.

 Белгілі бір уақытқа көңіл-күйі көтеріліп, тың күшке ие бола бастағандай әсер алған. Әсері бәсеңдегенде күші одан да зор есірткіге көшкен.

Руслан, қала тұрғыны:

- Синтетикалық есірткіні қолдана бастадым. Арамызда «жылдамдық» деп аталатын мефедрон препараты. Одан да басқа дәрілік заттарды араластырдым.

Трамадолды заңсыз сататын дәріханаларды табу қиын емес. Ондай жерлер қала шетінде көп, - дейді Руслан. Интернет-дүкендерде де ұсынатындар бар. Бірақ құны дәріханадағы бағадан әлдеқайда жоғары.

Руслан, қала тұрғыны:

- Шағын дәріханалардан сатып алып жүрдім. Алғашқысын есірткіге тәуелді танысыммен бірге барып алдым. Ол мені сатушымен таныстырды. Кейін мені танып алған фармацевт дәріқағазсыз сата берді. 

Трамадол препаратын психотроптық есірткі санатына жатқызғанын Руслан да құптайды. Өйткені біріктірілген доза әсерінен адам не істеп, не қойғанын сезбей қалады. Жуырда Атырауда жағаұстатарлық жағдай болды. Ер азамат тапа-тал түсте өз-өзін пышақтап тастады. Оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Елордадағы оңалту орталығының психологы Александр Рущук осы көлеңкелі кәсіппен бірнеше жыл бойы күресіп келеді. Әріптестерімен бірге дәріханаларды аралап, кезектен тыс тексеріс жұмыстарын жүргізіп отырады.

Александр Рущук, оңалту орталығының психологы:

- Біз әртүрлі дәріханаларға барып, сатылым жолдарын бақыладық. Артығын жоспарлы түрде сатып алып жүрдік. Қазіргі таңда мәселе күрделеніп барады. Көп жас әуестеніп кетті. Өйткені бағасы арзан. Табу оңай. Трамадолды қолданған кез келген адам аз уақыттың ішінде денсаулығынан, жұмысынан және отбасынан айырылады. Трамадолды «дәрі түріндегі героин» деуге болады.  

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі дабыл қағып жатыр. Соңғы 3 жылдың ішінде тәуелділік тудыратын есірткі заттарын заңсыз сату көрсеткіші 4 есе артқан.

Ләззат Қашқымбаева, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы:

- 2022 жылы 138 әкімшілік құқықбұзушылық ісі қозғалды. Ол бойынша 13 млн теңгеге дейін айыппұл төленді.

Осы күнге дейін мемлекеттік органдар айыппұл салумен ғана шектеліп келген. Трамадолды заңсыз сатқан ешбір дәріхана жабылған жоқ. Елде шамамен 10 мың дәріхана жұмыс істейді. Бірақ оның ішінде тек мыңында ғана есірткілік заттарды сатуға рұқсат беретін лицензиясы бар. Алдағы уақытта олар да бұл артықшылықтан айырылуы мүмкін.

Раушан Әубәкірова, ҚР Тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының жетекшісі:

- Көп дәріхана трамадолдан пайда көрмейді. Өйткені сұраныс айтарлықтай көп емес, бағасы да арзан. Препаратты онкологиялық ауруға душар болғандар пайдаланады. Өйткені дәрі ауырсынуды әбден басады. Алдағы уақытта трамадол сатуды шектесе, бірінші кезекте төсек тартып жатқан науқастар қиыншылыққа тап болады. Ауру кешкі уақытта және түнде күшейеді. Ал түнгі уақытта ешкім дәріқағаз жазып бермейді. Осы себепті контрабандалық сатылым белең алуы ықтимал. Қылмыстық жауапкершілікке тартылу тәуекелі артқан сайын препараттың құны да өсе беруі мүмкін.    

Жаңа талапқа сай арнайы сертификаты жоқ дәріханалар препаратты алған жеріне тапсыруға мәжбүр болады. Бұл ереже көтерме саудамен айналысатындарды да айналып өтпейді. Заңды белден басқан кәсіпкерлер 80-нен бастап 160 айлық есептік көрсеткішке дейін әкімшілік айыппұл төлеуге міндеттеледі немесе 3 жылдан бастап, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Әлішер Нақыпов, Руслан Әлиев.