Мүгедек балалардың ата-аналары протез өндіретін цех ашуды ұсынды

Оралда мүгедек балалардың ата-аналары қимыл-қозғалыс құрылғыларын өндіретін цех ашуды ұсынды.

Мәселен, олар ортез жабдығына тапсырыс беру үшін өзге қалалардағы кәсіпорындарға баруға мәжбүр. Ал ол жерлерде ұзынсонар кезек. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, қаладағы кәсіпкер ортез жасауға дайын екенін айтып отыр.

Эльмира Досжанова тірек-қимыл жүйесі бұзылған 15 жастағы ұлына ортез жабдығын уақтылы ала алмай сенделіп жүр. Былтыр дәрігерлердің нұсқауымен Алматыдағы өндіріс орнына тапсырыс беріпті. Әйткенмен кезектің көптігіне байланысты 3 айға жуық уақыт күтуге мәжбүр болған.

Эльмира Досжанова, қала тұрғыны:

- Былтыр майда алдық. Бір жыл болды. Біз 4 ай кидік тек қана. Мысалы, июнь, июль, августь, сентябрь. Уже октябрьде бізге сыймай қалды. Енді кері барып, кері жасатуымыз керек. Декабрьдің 31-і Астанаға барып, травмотологқа тағы қаралып келдік. Сол проверкада қайттан осыны жазып берді бізге. Орал қаласында осындай протез-ортез дайындайтын жерге ортезисттер келсе екен дейміз. 

Облыста ортез жабдығын дайындайтын өндіріс орны жоқ. Тек протез шығаратын кәсіпорын жұмыс істейді. Оның өзі жылына 120 адамға ғана қызмет көрсете алады. Ал өндіріс көлемін арттыру үшін қомақты қаражат қажет. Егер мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, бұл ғана емес, ортез дайындайтын бөлек цех та ашар едік, - дейді кәсіпкер.

Жанар Шаяхметова, протез орталығының басшысы:

- Бізде осы жылдың өзіне кезек толып үлгерді. Мұнда өндіріс қуаты төмен болып тұр. Еңбек күшін арттыруға және құрылғылар сатып алып, тағы бір цех ашуға кемінде 40 млн теңге қажет.

Өңірде 24 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар екен. Оның 3 мыңға жуығы балалар. Мүгедектердің техникалық керек-жарақтарын алу үшін әлеуметтік порталда онлайн қызмет көрсетіледі. Дәл қазір 600-ден астам адамнан протездік-ортопедиялық құрылғылар алуға өтініш түскен. Сала мамандарының айтуынша, мұндай тауарларды өндіруге ниетті кез келген кәсіпкер әлеуметтік порталға тіркеліп, тапсырыстарды қабылдай алады. Ерекше қажеттіліктері бар жандардың әрқайсысы үшін кепілдік төлем қаралған. 

Миргүл Құрманбаева, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

- Мысалы, ортез дейміз, тутор дейміз, соның 29 мың теңгесі кепілдік төлем. Сол 29 мың теңгеге туторын таңдай алады. Біздің облыстан немесе басқа өңірлерден. Қымбаттырақ алғысы келсе, өз қаражаты есебінен қосып ала алады. Өңірімізде протездік-ортопедиялық құралдармен айналысатын әлеуметтік қызмет көрсетуші табылатын болса, басқарма сол жеткізушіні тіркеуге дайын. 

Ал елордалық ортезист-мамандар өңірдегі кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыруға әзір екенін жеткізген. Аймақтағы мүмкіндігі шектеулі жандар облыс орталығында жаңа өндіріс орны ашыларынан үмітті.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов