Қаскелеңдіктер күре жолдағы өткелден қауіптенеді

Қаскелең қаласының халқы Алматы-Бішкек күре жолындағы қалың көлік нөпірінен күнде қиындыққа тап болады. Тасжолға жақын орналасқан Майса, Көктал, Есіл көшелерінің тұрғындары осы жолдан жандарын шүберекке түйіп өтетіндерін айтады. Қауіпті өткелде көліктер жиі апатқа ұшырайды екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аршын Кемелжан, тілші:

- Республикалық маңызы бар Алматы-Бішкек тасжолының Қарасай ауданындағы бөлігі жаяу жүргіншілер үшін де, көлік жүргізушілері үшін де қауіпті болып отыр. Ал елді мекендер жанына сызылған жаяу жүргінші өткелдері бұл қауіпті сейілте алмай отыр.

Қаскелең қаласының аумағы үлкейіп, көшелері күре жолға дейін жеткен. Майса, Көктал, Есіл көшесінің тұрғындары бұл жермен күнде жүреді. Бірі балаларын мектепке апараса, енді бірі Алматыға жұмысқа барады. Барлығының бірдей жеке машинасы жоқ. Қоғамдық көлік немесе таксиден түскен адамдар қарсы беттегі үйлеріне жету үшін жолды кесіп өтеді. Алайда жүйткіген көліктер жол ережесін сақтап, дер кезінде тоқтай қоймайды.

Шәйзада Айнабекова, Қаскелең қаласының тұрғыны:

- Бізге сол трассаға көпір ме, жерүсті ме, жерасты ма салып берсе екен дейміз. Қаншама қорқыныштар болып жатыр. Бала-шағамыздың бәрі мектепке барады, жас балалар. Түн жүреді, күн жүреді, не жарық жоқ көшеде. Сондай қорқыныштар, анау үлкен кісіні қағып кеткен, ол кісі орнынан тұра алмай жатыр.

Алматы-Бішкек жолының 27-ші шақырымындағы «жаяу жүргінші өткелі» 2 жыл бұрын сызылыпты. Бірақ күре жолдағы күрмеулі мәселе сол күйінде қалған. «ҚазАвтоЖол» мекемесі болса тұрғындардың талабын орындау ұзақ уақыт алатынын айтады.

Жасұлан Қалтаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Бұл жерде биылға ешқандай жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі қарастырылмаған. Ол үшін, біріншіден, айтып өткен жөн жобалау-сметалық құжаттама жасау керек. Оған оң қорытынды алу керек, ол кемінде 6-7 айды құрайды. Себебі жобалаушылар геология, геодизиялық жақтарын тексеріп барып, әрі қарай мемлекеттік сараптама арқылы біз оң қорытынды аламыз.

Бұл тұста жылдамдықты шектейтін белгі де бар. Бірақ көлік жүргізушілері оған назар аудармайды екен. Сондықтан қаскелеңдіктер бейнебақылау камерасын орнатып беруді де сұрапты.

Рахман Қаманшайұлы, Қаскелең қаласының тұрғыны:

- Сұлтанғазиев осы жерге келді, Қарасай ауданына. Ол кісінің маған айтқаны, осы жерге бір камера қойып беріңдер деген. Тап осы ата айтқан жерден камера қойып беріңдер деген. Әлі күнге дейін Ішкі істер департаменті әкімнің айтқанын орындаған жоқ.

Тұрғындар үміт артқан жаяу жүргіншілер көпірі әзірге жауапты компанияның жоспарында жоқ болып шықты. Камера қою көпір салғаннан арзан ғой, ең құрмағанда осыны тездетіп шешсе, - дейді Қаскелең тұрғындары. Шынында да, айыппұлдан сескенген көлік жүргізушілері жол ережесіне көңіл бөлер ме еді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев.