Павлодарда трамвай желісі кеңейді

Ертіс өңірінде трамвай шаруашылығын дамыту бойынша кешенді жоспар жүзеге аса бастады.

Бірінші кезекте экологиялық таза көлік жүретін жаңа бағыттар пайда болып, желісі кеңейді. Жаңа шағын ауданға жолаушы тасымалдайтын бағыттар ашылады. Қолданыстағы трамвай паркінің басым бөлігі жаңарады. 

«Достық» шағын ауданында құрылыс қызу. Биыл 20-дан астам көпқабатты үй мен әлеуметтік мекемелер бой көтереді. Бұл құрылыс жұмыстарының бірінші кезегі ғана. Болашақта 95 гектарлық жаңа ауданда 30 мың азамат қоныстанбақ. Енді халықты қоғамдық көлік қызметімен қамтамасыз ету жағын шешу керек. 

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Трамвай паркі күнбе күн оннан астам бағыт бойынша 40 мыңнан астам жолаушы тасымалдайды. Қала дамыған сайын қоғамдық көлікке деген сұраныс та жыл сайын артып отыр. Сондықтан, биыл трамвай желісін алты шақырымға ұзарту туралы шешім қабылданды. Осылайша, жаңадан салынып жатқан «Достық» шағын ауданының тұрғындарына да экологиялық көлік қолжетімді болмақ.

Трамвай шаруашылығын жаңғырту мен желісін кеңейту күн тәртібінен түспеген мәселе. Қазіргі уақытта жолдарды кеңейту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Құжат мамыр-маусым айларында дайын болуы тиіс.

Муслим Махмудов, Павлодар трамвай басқармасының басшысы:

- Жаңа желінің құрылысын өзіміздің бригада жүргізеді. Жұмыс күшін сырттан жалдамаймыз. Осылайша, қызмет ететін жолаушыларымыздың саны күрт артады. Олардың сұранысын өтеу үшін вагондарды жаңартамыз. Ескі вагондардың орнына жаңа көліктер алынады. 

Бұл алдағы екі жылға межеленген жоспар. Бүгінде қоғамдық көлікті пайдаланатын павлодарлықтардың тең жартысы трамваймен жүреді. Бір айда екі миллионнан астам тұрғын трамвайды игілігін көреді. Жаңа желі көктем-жазда саяжайға жиі баратын халыққа да пайдасын тигізеді.

БЛИЦ

– Әрине «Дачный» тұрғындары үшін үлкен пайда деп ойлаймын. Өйткені саяжай маусымы басталады. Жолды кеңейтсе, ол адамдар үшін өте үлкен жеңілдік.

– Қалаға керек трамвай. Жақсы. Аса көп тоспаймыз. 

– Мен петропалда болдым, онда жоқ трамвай, Павлодарда бар.

- Қазіргі уақытта ыңғайлы бағыттар көп. Трамваймен жиі жүремін. Қаламыз өсіп келеді. Трамвай желісі де ұзаруы шарт.

Қазіргі уақытта халық тасымалдайтын 111 вагон бар. Олардың 30-ы бірнеше жыл бұрын іске қосылған. Мамандардың айтуынша, қозғалыстағы трамвайлардың жетпісін жаңарту қажет. Бұл жұмыс та алдағы жылдардың еншісінде. Жаңа бағыттар ашылған соң жүргізушілер саны да артады.Мамандар трамвай басқармасы оқу орталығында даярланады. 

 Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Жеңіс Темірболат