Заңсыз жанармай тасымалдауға жол жоқ

Соңғы кездері жанар-жағармайды заңсыз тасымалдау, шекарадан өткізу, шетел азаматтарына мөлшерден тыс сату деректері жиілеп кетті.

Соған байланысты Түркістан мен Жамбыл облыстарында арнайы рейд ұйымдастырылды. Құзырлы орган қызметкерлері екі күннің өзінде 20 дан аса заң бұзушылықты анықтаған.

Рейдтік іс-шаралар Жамбыл облысында күшейтілген режимде жүріп жатыр. Полиция департаментінің мәліметінше Қордай, Меркі, Жамбыл сынды Қырғызстанмен шекаралас аудандарда, бұл тексеріс жұмыстары ерекше күшейтілген. Себебі мамандардың айтуынша, Қырғызстан мен ел жүргізушілерінің жанар жағармайды сыртқа тасуы азаймай тұр.

Қырғызстандық Нұрхан Өзбеков Қарабура ауданынан Айша бибі өткізу бекетіне күнде қатынайды. Такси боп нәпақасын тапқан азамат, жанар майды Қазақстаннан құятынын жасырмайды. Себебі – арзан. Өз елінде 300 теңгеге айналатын бензинді, біздің аймақтан 190 теңгеге алатынын айтады.

Нұрхан Өзбеков, Қырғызстан азаматы:

- Қазақстан бензині біздегіге қарағанда едәуір арзан. Сондықтан бір келгенде толтырып алуға тырысамыз. Мұнда да шектеу жоқ. Күнде екі рет келіп кетем. Деседе артық бак салмаймын. Кеден бекетінен әрі-бері өткенде міндетті түрде тексереді.

Заңсыз бензин тасымалына тосқауыл болу үшін полицейлер шекарадан кіріп-шыққан көліктерді тоқтатып тексеруде. Себебі қулыққа басқандар көп. Арзан бензинді мейлінше молынан алып өту үшін, көрші ел жүргізушілері автокөліктеріне қосымша бак орнататын болған.

Жамбыл ауданындағы Айша бибі шекара бекетінен күніне 5 мың көлік қатынайды. Екі күндік тексеріс барысында қосымша бак орнатып, бензинге келген 20 көлік анықталған.

Ербол Бибазаров Жамбыл облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:

- Орнатылған болған жағдайда қосымша бактар. 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ол 51 750 теңге. Одан кейін автокөлік айып тұрағына қойылады. Азатмат штрафты төлемейінше шығарылмайды және қосымша орнатылған бактар алынбағанша айыппұл тұрағында тұрады.

Рейдтік шара Түркістан облысының Сауран, Түлкібас және Келес ауданына қарасты кедендік бекеттерде де ұйымдастырылды. Блок бекеттер қойылып көлік ағыны жіті тексерілуде.

Баққали Кенжебаев Түркістан облысы ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары:

- Қазіргі таңсыз жанармай тасу дерегі тіркелген жоқ. Алайда үлкен жүк көліктерінде қосымша жанармай құюға арналған бактар орнатқан үшін бүгінгі ткүні 4 құқық бұзушылық анықталды. ҚР ӘҚБК 590 бабының 7 бөлігімен 15 АЕК айыппұл салынып, шара көріліп жатыр.

Өткізу бекеттері маңындағы тексеріске тәртіп сақшыларынан бөлек Көлік комитетінің мамандары қатысуда. Олар тек жүк көліктерін бақылайды. Жалпы бақылау шарасы 1 апта бойы жалғасады.

Авторлары: Мерей Бает, Жандос Жұмабек, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә