Астанада ақ түтек боран

Астанада ат құлағы көрінбейтін, ақ түтек боран екі сағаттан кейін бәсеңдейді деген болжам бар.

Бет қаратпайтын боранға қарамастан елорданың негізгі көшелерін қардан тазалау жұмыстары толастамай тұр. Мамандар күні - түні арпалысып жатыр. 1 мыңға жуық арнайы техника мен 2 мыңнан астам жұмысшы тартылған. Бүгін Елордада бірінші ауысымдағы барлық оқушылар қашықтан оқиды. Күннің бұзылуына байланысты қалалық білім басқармасы осындай шешім қабылдады. Ауа райының нашарлауына байланысты 15 өңірде ескерту жарияланды. Қар, бұрқасын, көктайғақ болып жаңбыр жауады,-деп хабарлайды Қазгидромет.