Атырау облысында жұмысшы жетіспейді

Биыл Атырау облысының ауылшаруашылығы саласына сырттан 800 шетел азаматын алдыру жоспарланып отыр.

Оның 600-і  Махамбет ауданына қожалықтардың сұранысы бойынша бөлініпті. Өзбекстан азаматтарының  мұнайлы өңірден жұмыс тауып жүргеніне 20 жылдан асты. Ал жергілікті тұрғындар: «жиын-терім кезінде болмаса, машақаты көп көктемгі дала жұмыстарына құлықсыз»,- дейді шаруашылық басшылары.

Қоян жылының көктемі ерте шығып, егіншілер үшін қарбалас сәт науырз айының аяғынан басталып кетті. Бұл шаруашылық биыл 200 гектарға егін егуді жоспарлаған екен. Бүгінде оған қажет 500 мың түп тұқым көшеттерге отырғызыла бастаған. Бұл жұмыстың басында жүргендердің бәрі де Өзбекстан  азаматтары.

Сандуғаш Маратқызы, егінші:

- Жалпы, Атырауға келіп жұмыс істей бастағанымызға 8 жыл болды. Қазір бізде 50 адамбыз Өзбекстаннан келіп жасап жатқан. Табыстан басқа бізді елден алып келгенде миграцияның талабы бойынша құжат жағынан  ыңғайлы.

Климаты егін егуге қолайсыз мұнайлы өңірде  көкөністің барлығы жылыжайда бапталып, егіс алқабына өскін күйінде отырғызылады. Бірақ оған көп қол күші керек және нағыз маман болғаны жөн. Өзбекстаннан келетін бұл ағайындардың алды 20, соңы 7-8 жылдан бері еңбек етеді екен. Тұқымды сұрыптап, көшеттеуді жете меңгергені көрініп тұр.

Қоныс Ерманов, шаруашылық жетекшісі:

- Өйткені бұған үйренген, машықтанған маман адамдар керек. Ал ауыл адамдары бізге ертең шөптеу кезінде, жинау жұмыстары басталған ауыл адамдары шығады. Ертең жаппай далаға шығу жұмыстарында 20 адамдай жетпейді жұмысқа.   

Махамбет ауданында егінмен айналысатын 120 астам шаруашылық бар. Олардың барығында көктемгі дала жұмыстарын өзбек ағайындар атқарып келеді. Биыл да 600 шетелдікті тартуға тапсырыс түсіпті.

Азат Қапанов, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Қазіргі таңда 300 адам келіп, жұмысты бастап жасап жатыр. Ал алған 300 адамға квотаны рәсімдей жұмысы жүріп жатыр. Жергіліктілерден 50 адам жұмыс жасап бастады. Тағы да қажет етіп жатса, сұраныс ауылдық округтерге жолданып жатыр.

Егінге адам тартуы үшін жергілікті билік пен шаруа жетекшілері қолдан келгеннің барлығын істеп жатыр. Биыл дала қосында еңбек ететіндердің айлығы өсті. Егіншілер айына 120-160 мың теңге табыс табады. Онан бөлек жатар орын мен төрт мезгіл тегін тамағы бар. Ал ауылда  кәсіпсіз жүрген ағайындар дала жұмысына бет бұрар емес.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин