Қостанайлық шаруалар туған ауылын өркендетіп жатыр

Қостанайлық шаруалар түлеп ұшқан мекеніне қаржы салып, әлеуметтік саланы көркейтуге белсенді атсалысып жүр. Мысалы, биыл Ұзынкөл ауданындағы кәсіпкер Новопокровта жаңа акушерлік пункт салып, енді ауызсу тартуды көздейді. Бастамашыл азамат бұл ауылды өркендетуде атқарылар жұмыстың басы ғана дейді.

Новопокровтағы бұл емдеу мекемесі – жергілікті шаруа қожалығының тартуы. Дәрігерлер жаңа ғимаратқа 2 ай бұрын көшіп келді. Олар бұған дейін ауылдық әкімдіктің бір бұрышын паналаған. 

Айнаш Мырзалина, Новопокров ауылының фельдшерлік-акушерлік пункт меңгерушісі:

- «Тойсай» серіктестігі ғимарат құрылысына 40 млн теңге бөлді. Іші кең, жарық. Қыста жылы. Тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін бар жағдай жасалған.

800 адам мекендейтін ауылдың тасы өрге домалап тұр. Тұрғындардың дені шаруа қожалығында еңбек етеді. Лайықты жалақы алады. Бір өкініштісі, ауыз суды тасып ішеді. 40 литрін 50 теңгеге сатып алуға мәжбүр.

Зарина Шүйінтаева, Новопокров ауылының тұрғыны:

- Суды бізге ауданнан әкеледі. Су бізге өте қажет. Су әкелсе, жастар келер еді, әлеуметтік салалар да көтерілер еді.

Ауылға орталықтандырылған су жүйесін тартуға 440 млн теңге қажет. Кәсіпкер Ахмет Садықов бұл соманың бір бөлігін өз мойнына алуға дайын.

Ахмет Садықов, «Тойсай» ЖШС директорының орынбасары:

- Әлеуметтік салаға жыл сайын 70 млн теңге жұмсаймыз. Былтыр мәдениет үйін түрлендіріп, балаларды спорт құрал-саймандарымен қамтамасыз еттік. Су келсе, ауылды абаттандырып, көшелерге орташа жөндеу жүргіземіз.   

Азамат Аужанов, Ұзынкөл ауданының әкімі:

- Серіктестік басшысы әр үйге су кіргізуді өз міндетіне алып отыр. Әзірге облыстық бюджеттен 100 млн теңге бөлінген. Толық сома сессия мәслихатында мақұлдануы тиіс.

Биыл Новопокровта 4 үй тұрғызылмақ. Баспаналар ауылға келетін ветеринар, механизаторларға беріледі. Қажет болса үйлерді көгілдір отынға қосу мүмкіндігі бар. Ауылда жақында газгольдер пайда болды.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров.