ШҚО-да жел күшейіп кетті

Шығыс Қазақстанда қар араласқан жаңбыр жауып, күн райы күрт бұзылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір қатты дауыл соғып тұр. Өскеменнің өз басында желдің екпіні секундына 20-30 метрге дейін жетті. Жаңадан тұрғызылған үйлердің сыртқы қаптамалары желге шыдас бермей ұшып жатыр. Қаладағы аялдамалардың кейбірі құлап, біразының шатырын жел ұшырып әкеткен. Жолда да қауіп күшейіп, қозғалыс қиындады. Өскемен-Тарғын-Самар бағыты жабылды. Өйткені тау арасында тұман түсіп, жолды көктайғақ басқан. Қар аралас жаңбырдың толастар түрі жоқ. Полиция қызметкерлері жолаушыларға ескерту жасап, сақтыққа шақырып жатыр. Өйткені синоптиктердің айтуынша, ертең де осындай күн райы болады.

Дастан Омаров, ШҚО ПД Жол патрульдік полициясының взвод командирі:

- Жүргізушілерге айтарым, жолға шығар алдында дөңгелектерін, техникалық құралдарын байқап шығуды өтінеміз. Қазір Самар тасжолында тұрмыз, Самар тасжолындағы Үміште қазір көктайғақ болып жатыр және Семей тасжолында, Алматы тасжолында өте қатты жел. Жүргізушілерді жаздық дөңгелекпен шықпауларына өтінеміз.