«Сәтті Жұлдыз» ұлттық лотореясы «Қазақстан халқына» қорына 1 млрд теңге аударды

1 миллиард теңге. «Сәтті Жұлдыз» ұлттық лотореясы «Қазақстан халқына» қорына осынша көлемде қаржы аударды.

Бұл алғашқы тоқсан нәтижесі ғана. Ал жыл соңына дейін көрсеткіш еселеп артуы мүмкін. Аталған ақша енді қайырымдылық мақсатында жұмсалмақ. «Сәтті Жұлдыз» компаниясы бұған дейін де тұрақты түрде осындай акцияларға қатысып, мұқтаж жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.

«Сәтті Жұлдыз» Қазақстандағы ұлттық лотерея. Сәйкесінше, жыл сайын мемлекеттік қазынаны миллиартаған теңге салықпен толтырып жатыр. Бұған қоса, әлеуеметтік жауапкершілікке де ерекше мән береді. Мәселен, өткен жылдың өзінде «Қазақстан халқына» қорына 100 миллион теңгеден аса қаржы құйды. Ал биыл көрсекіш 10 есе артты.

Шынболат Пазыл, «Сәтті Жұлдыз» ұлттық лотереясының PR-менеджері:

- «Сәтті Жұлдыз» ұлттық лотореясы қабылданған жаңа нормаларға сай 2023 жылдан бастап, өзінің таза кірісінің 10 пайызын осы қорға аударып отыруға міндеттеледі. Одан бөлек тағы 10 пайызын «Спортты» қолдау қорына аударып отырамыз.

«Қазақстан халқына» қорында дәл осындай 79 донор бар. Олар бүгінге дейін 133 миллиард теңге аударған. Бұл қаржы, әсіресе, күрделі операциялар жасату мен қымбат дәрілерді сатып алуға жұмсалып жатыр. Бұған қоса, білім беруге, оның ішінде, көпбалалы отбасынан шыққан балаларды білім грантымен қамтуға қарастырылады.

Диас Бейсенбек, "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының ресми өкілі:

- Бұл қаражаттың барлығы еліміздегі мұқтаж азаматтарға, оның ішінде балалар мен үлкендерге, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, сонымен қатар ауылды жерлердегі жастар мен балаларды қолдауға бағытталған. Бүгінде қор 25-тен аса қайырымдылық бағдарламасын іске асыруда. Ол медицина, әлеуметтік қолдау, білім беру, спорт және төтенше жағдай кезіндегі шараларды қабылдауда.

"Сәтті Жұлдыз" компаниясы болса, бұдан басқа да қайырымдылық және әлеуметтік жобаларды параллель жүзеге асырып жатыр. Оның ішінде мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру және шалғай ауылдарды спортты дамыту сияқты бағыттар бар.

Авторлары: Аслан Қаженов, Серік Коңырбаев