Жайықтың жағалауы жөнделетін болды

Оралда 9 жыл бұрын абаттандырылған рекреациялық аймақтың қазіргі көрінісі көңіл құлазытады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін 8 жыл бойы кепілдік мерзімі аясында мердігердің өзі жөндеп келсе, биыл бюджеттен қаржы бөлініпті.

Құлаған қыш тақталар мен тозығы жеткен тепкішектер, ойылған өрнектастар. Ару Жайықтың табиғатын тамашалауға келген тұрғындардың көңілін түсіретін көрініс – осы.

Меңсұлу Мусалимова, қала тұрғыны:

- Бәрі түсіп жатыр. Жақсы жөндеу керек, жақсылап жөндеп жіберсе. Соған налимыз, мынадай қотыр-қотыр боп, шамалы болып тұрғанына.

Әділбек Қисамбаев, Орал қаласының тұрғыны:

- Әрине, мұндай жағдайда тұрғаны келген қонақтардың алдында ыңғайсыз деп есептеймін. Неліктен қалалық әкімдік тарапынан бүгінге дейін бұған көңіл бөлінбейтіні түсініксіздеу.

Жайықтың жағалауы 2013 жылы абаттандырылды. Құрылысқа жарты миллиард теңге жұмсалды. Содан бері жаз шыққан сайын жөнделіп келеді. 8 жыл қатарынан мердігердің өзі кепілдік мерзімі аясында қатемен жұмыс жасаса, енді биыл қала бюджетінен 282 млн теңге қаралыпты.

Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

- Керамограниттер, граниттерді толықтай қалпына келтіру, ауыстыру жұмыстары. Сонымен қатар қосымша жарықтандыру, торшер қоямыз. Жаңадан орындықтар қоюды жоспарлап отырмыз және осы жерде жобадан бөлек, жастарға, қала тұрғындарына арнап әткеншек орнатып жатырмыз. Үлкен МАФ-тар екі бағытта, оны да жақын арада орнатып бітіреміз.

Алайда көптің көңілінде жағалау келер көктемде қайта қирап қалмай ма деген қауіп бар. Себебі әу баста жағалау қалай болса солай жобаланған. Асығыс салынған.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Мамандардың мәлімдеуінше, жағалауды жобалау кезінде кеткен қателіктер көп. Соның бірі қабырғаны мынадай қыш тақталармен әсемдеу.  Ғимараттың ішінде жылы жерде бұлай істеуге болады, әрине. Ал сыртта болмайтын көрінеді. Өйткені керамикалық плита мен бетонның аязда тартылу температурасы әртүрлі болғандықтан, қалай жапсырсаңыз да, қыш тақта бәрібір түсіп қалады екен.

Жалпы, әу бастағы есеп бойынша, жағалау жазғытұрым өзеннің тасуынан, судың басуынан бүлінбеуі тиіс еді. Ал іс жүзінде басқаша болды. Қала басшылығы осы олқылықтарды алдағы уақытта ескермек. Тұрғындар болса рекреациялық аймақта жағажай салынса, спорт алаңдары болса дейді.

Мақуза Тұяқова, қала тұрғыны:

- Менің пікірім, осы жерге балаларға ойнайтын алаң жетіспейді. Сосын жастар деген қазір Жеңіс алаңында волейбол, бүкіл спорттық ойындарын сол жерде өткізіп жатыр. Менің ойымша, балаларға төмен жақтан ба, ойнайтын спорттық алаң керек.

Қазір жағалауды жөндеуге мемлекеттік сатып алу байқауы жарияланған. Құрылыс жұмыстары алдағы айда басталмақ.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмұдов.