Алматыда басталған форумда киберқылмыспен күрес мәселесі қозғалды

Киберқылмыста шекара жоқ. Ақпараттық технологияларды меңгерген қылмыскерлер шетелде отырып-ақ адамдарды алдап соғады.

Тек бірлескен жұмыс оң нәтиже беріп отыр. Жуырда елімізде телефон алаяқтарының жолы кесілді. Украина полициясымен меморандум жасалып, нәтижесінде қазақстандықтарға бағытталған 16,5 млн жалған қоңырауға тосқауыл қойылыпты.

Бұл туралы «Жастар және полиция: заманауи қауіптердің алдын алу» форумында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты.

Қылмыстың формасы өзгергенмен, мақсаты – бір. Ол – оңай олжаға кенелу. Алаяқтарда заманауи технологияларды меңгеріп келеді. Сондықтан Алматыда басталған форумда киберқылмысқа төтеп беру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Іс-шараға құқық қорғаушылармен қатар жастарда қатысты. Жиынның мақсаты – полиция мен қоғам арасындағы байланысты арттырып, ортақ қауіппен бірге күресу. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов курсанттарды дайындау заман талабына сай өзгеріп отырғанын айтты.    

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Кеше ғана Астанада арнайы киберполиция бөлімін аштық. Осындай Алматы қаласында осы академияда киберфакультет ашылып жатыр. Өйткені, біз көріп отырмыз, қазір мынау заман талаптарына сай біз осындай қоңырауларға дайын болуымыз керек.

Республикалық форумға өзге облыстардан келген жастар алаяқтардан сақтанудың жолдары туралы тренингке қатысып, білімдерін шыңдады. Ішкі істер министрлігі Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы оқушылар арасында «Үздік IT-дарын», «Үздік із кесуші» байқауын ұйымдастырыпты. 20 сәуір күні жеңімпаздары марапатталды.

Дамир Сағидолла, Қазалы қаласы №95 мектептің оқушысы:

- Академия өзінің сайтында жариялады. Бірінші кезең логика болды, екінші кезең «Мен неге жедел уәкіл болғым келеді?» тақырыбында, үшінші кезең –эссе, сосын 2 логикалық сұрақ. Оңай болды, өзіміздің ҰБТ-да дайындалып жүрген сұрақтар келді.

Киберқылмыстарға қарсы тиімді күресу үшін заңдар күшейтіліп, көршілес елдермен келісімдер жасалып жатыр, - дейді Ішкі істер министрі. Мысалы, жыл басында украиналық полициямен меморандум жасалған. Нәтижесінде сол елдегі қылмыстық топ құрықталған. «Көлеңкелі колл-орталық» құрып алған 41 адам телефонмен көршілес елдердің азаматтарын алдап келген.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов.