Тараздағы «Мамыр» саябағы қараусыз қалды

Тараздағы «Мамыр» саябағы қараусыз жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр ғана жөндеу жұмыстары басталған сияқты еді. Бірақ көпке бармады. Қазір бұл жерді қаңғыған ит пен құс шиырлайды. Күл-қоқыстың иісінен адам жуи алмайтын жағдайға жеткен. 

Алып демалыс орны қақпасынан бастап қирап тұр. Көптен бері тазалық жұмыстары жүргізілмеген. Саябақ іші қоқысқа толған. Серуендеген жұрт мұнда кешқұрым жүруге сескенеді.

Мұрат Тастан, қала тұрғыны:

- Кешкі уақытта қаңғыбастардың мекеніне айналғаны ол енді көрініп тұр ғой айдан анық. Қаңғыбастар жатқан жерде шөптің бәрін таптап, қоқыстарын тастап, сөйтіп кетеді. Қаңғыбас иттер жүреді арғы жағында. 7-8 иттер. Құтырған иттер бар ма, жоқ па білмедім. Болуы да мүмкін оның ішінде.

Бақылауы жоқ саябаққа бәзбіреулер синтетикалық есірткі жасыратын болған. Басынғаны соншалық қабырғаларға жарнамасын жазып қойған. Полицейлер аймақта бұл қылмыстың өршіп тұрғанын жасырмайды. Жыл басынан бері есірткі жарнамалаған 2 күдікті ұстаған.

Әлім Бажықбаев, облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:

- Ұсталғандардың жасы 18 бен 20 жаста. Олар синтетикалық есірткінің сайттарын әр жерге жазумен айналысқан. Сол қызметі үшін күндігіне 15 мың теңгеден алып отырған. Жалпы, бұл қылмыс үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алдағы уақытта аталған аумақта бақылауды күшейтеміз.

Мамыр саябағында мүгедектігі бар балаларға арналған иппотерапиялық жоба жұмыс істейді. Жылына 40 шақты тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды жылқымен емдейді. Емнің бұл түріне сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде 30-дан аса бүлдіршін кезегін күтіп жүр. Орын санын арттырып, мәселені біршама шешу үшін қосымша ғимараттың құрылысы басталған.

Айжан Төлепбергенова, иппотерапия жобасының медбикесі:

- Қыстыңгүні мынау қар, жаңбыр кезінде балаларымыз келмей қалады. Күн суық деп қалып қояды. Егер мынау жабық болып қосылғанда, ішіне қысы-жазы келе беретін еді. Жыл 12 ай балаларымыз ем алатын еді.

Қала әкімдігінің мәліметінше, бастапқыда жабық манежді демеушілер салып беретін болған. Кейін ол ойынан айныса керек, жергілікті билік бюджет қаржысына сұраныс беріпті. 

Нұрбол Қалдыбаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

- Жобалық-сметалық құжаттары дайын болған соң облыстық бюджетке ұсынамыз. Облыс әкімі бюджеттен қаражат беру туралы уәдесін берген. Біз биылғы жылы толық бәрін бітіріп, құрылысын аяқтау керекпіз.

Жоба мақұлданса, қала әкімдігі ғимаратпен қатар саябақты да қайта жаңғыртуды көздеп отыр. Серуендеуге арналған жолдар төсеп, спорт алаңшаларын салу жоспарда.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә.