Қарағанды облысының тұрғындары малды өріске айдай алмай әлек

Қарағанды іргесіндегі Сұрыптау станциясының тұрғындары қолдағы азын-аулақ малын өзеннің арғы бетіндегі өріске өткізе алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен жылы мамандар тасқынның алдын алу мақсатында мұндағы Солонка өзенінің арнасын тереңдетіп қазып тастаған. Соның салдарынан төрт түліктің жайылымға баратын жолы жабылды. Онсыз да қыстан көтерем шыққан мал әлі қорада тұр. Арғы бетке өту үшін айналма жолмен 18 шақырым жүру керек екен. Халық арасында «Жұмыскер» деп аталып кеткен бұл елді мекенде қазір 700-ге жуық отбасы тұрады. Жергілікті жұрт биліктен көпір салып беруді сұрап отыр.

Гүлзира Сағындық, Сұрыптау станциясының тұрғыны:

- Арғы бетке өтетін ешқандай мүмкіншілік жоқ. Тұяқты мал өзіне жол салып алады. Сол жолмен кете береді олар. Былтырғы жүрген жолына қарай барып, өтемін деп талай мал суға ағып кетіп жатыр. Бір сиырдың құны қазір кем дегенде 350 мың.

Қойшыбай Сүлейменов, Әлихан Бөкейханов ауданы әкімінің орынбасары:

- Көпір жағынан мамандарды алып, оны барып қарау керек. Мысалы үшін, комиссияға ТЖ адамдарын аламыз, жоба институтының адамдарын аламыз. Барлығымыз сол жерге барып, қарастырып, бір шешімге келуге тырысамыз.