Құрық-Жетібай тас жолы құрылысының тең жартысы аяқталды

«Құрық-Жетібай» тас жолының құрылысы 50%-ке аяқталды.

Республикалық маңыздағы трассаны халықаралық көлік дәлізі деуге де болады.

Себебі Өзбекстан мен Ресейден келетін транзиттік жүктер дәл осы жолмен Құрық теңіз портына келетін. Бұған дейін жүк көліктері Ақтау қаласы арқылы жететін. Енді су айлағына Жетібай ауылынан тіке қатынап, 120 шақырым үнемдейді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- 64 шақырымдық «Құрық-Жетібай» трассасы 40 жылда бір де бір рет жөндеу көрген жоқ. Жолдың азабын тартқан тұрғындардың мәселесін шешу 2021 жылдан бастап қолға алынды. Жоба бойынша биыл 40 шақырым жол салынады, соның 24 километрі қолданысқа беріледі.

Жолдың күрделі жөнделуін Қарақия ауданына қарайтын қос елдімекен халқы ұзақ күтті. Республикалық маңыздағы трассаны қалпына келтіруге 3 жылда 6 млрд 400 млн теңгедей қаржы жұмсалған. Құрылысшылар Құрық ауылынан шығатын айналма жолды да келер жылдан қалдырмай салып бітіруге уәде беріп отыр. 

Жантас Молдабаев, мердігер мекеменің бас инженері:

- 2024 жылға 4 млрд 700 млн ақша қарастырылып отыр. Бұған сәйкес қазір жұмыстарымыз басталып кетті. Нысан басында жүздің үстінде жұмысшыларымыз бар. Биыл 24 километрін толық ашып, халыққа тапсырамыз Жетібай жағынан. Келер жылы бұйырса, Құрыққа қосамыз.

Айбек Әнуарбеков, жобаға тапсырыс беруші ұлттық компания өкілі:

- Құрық портынан Жетібайға дейін, әрі қарай Атырауға шығатын жолды байланыстырады бұл жол. Қазір бұл жерде қолданып жатқан материалдың барлығы жергілікті. Битум да, щебень де осы Маңғыстау өңірінде шығарылады.

Құны 11,1 млрд теңгеге бағаланған жол құрылысының жобалық-сметалық құжаты 2018 жылы әзірленді. Алайда, ол кезде бірнеше облыста жолдар төселіп, тағы бірі жөнделіп жатты. Мамандар соған орай барлық жобаны бір уақытта жүзеге асыру мүмкін болмағанын айтады. Бюджеттен қомақты қаржы бөлінген «Құрық-Жетібай» трассаның сапалы салынуы уәкілетті мекеменің жіті бақылауында.  

Мерей Әлиев, «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК инженері:

- Жолдарды диагностикалауды осы жол зертхана көлігімен атқарамыз. Машина жылжып келе жатыр. Барлық лазерлі аппараттар қосылған. Қай жерде жол белгісі, қай жерде аялдама тұрғанын солай анықтаймыз 3 камерамен. Ал астында «airi» деген бар. Ол жолдың тегістігін тексереді.

Жылжымалы зертхана мамандардың қолын ұзартқан. Бұрын олар диагностикалау жұмыстарын бірнеше апта далада жүріп атқарған екен. Енді сандық үлгідегі техника көмегімен 100 шақырымдық трассаның жай-күйін 4 сағатта бақылай алады. «Құрық-Жетібай» тас жолы  ашылғаннан кейін де жай-күйі жиі тексеріледі» дейді.  

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев