Елде 1 мамыр күні шомылу маусымы басталады

1 мамырда шомылу кезеңі басталады. Ел аумағында шомылуға рұқсат етілген 533 орын болса, биыл тағы 133 арнайы орын ашылады.

Төтенше жағдайлар министрлігінің кәсіби құтқару бөлімшелері халық көп қолданатын 85 орынды бақылайды, сондай-ақ 70 жылжымалы құтқару бекеті кезекшілік етеді. Өкінішке қарай, кейінгі 3 жылда 1100-ден астам адам суға батып, көз жұмды. Қайғылы жағдайлардың 95%-і рұқсат етілмеген су көздерінде болған. Былтыр 35 адам судан құтқарылса, оның 6-уы - бала. Жыл басынан бері еліміздің су айдындарында тағы 44 адам ажалдан аман қалды. Құтқарушылар су айдындарын патрульдеу кезінде 184 заң бұзушыны тәртіпке шақырып, оларға 2 млн 700 мың теңге көлемінде айыппұл салыпты. Төтеншеліктер судағы қауіпсіздік пен талап-ережелерді сақтамағандарға әкімшілік жауапкерлішік жүктелетінін ескертті.

Бауыржан Сыздықов, ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы:

- Біз өз тарапымыздан халыққа ағарту жұмыстарын, профилактикалық жұмыстарды жүргізіп жатырмыз, бірақ сол қаншалықты тыңдалуда? Құрметті азаматтар, мен сіздерге айтатын болсам, бүгін бір өздеріңіздің күйбең тірлікті кешке жинастырып қойып, өздеріңіздің бала-шағаларыңызбен отырып осы тақырыпта сұхбаттассаңыздар. Оларға сұрақ қойсаңыздар, судағы қауіпсіздік бойынша сіздің балаларыңыз не біледі екен?