Ақтөбеде қаржы пирамидасына қатысты сот үкімі шықты

Ақтөбе қалалық №2 сотында қаржы пирамидасын құрған адамға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол 3 ай ішінде 825 млн теңге жымқырып, салымшыларды тақырға отырғызған. Тергеу кезінде айыпталушы 2019 жылдың желтоқсанынан бастап 2020 жылдың ақпанына дейін 200-ге жуық адамнан ірі мөлшерде ақша алып, заңсыз қаржы компаниясын ұйымдастырғаны белгілі болды. Жалпы жинақ сомасы 1 млрд теңгеден асқан. Қаржы пирамидасы ақшалай салыммен қатар көлік те саудалаған. Нарық құнынан арзан сатып, қымбатырақ аламыз деген сылтаумен автомобиль иелеріне келісілген соманың тек бір бөлігін ғана өтеп келіпті. Айыпталушы кінәсін толық мойындап отыр. 

Динара Гильманова, Ақтөбе қалалық №2 сотының судьясы:

- Томин Берік Болатбайұлын қылмыстық кодекстің 217-бабы, 3-бөлігі, 2-тармағы бойынша айыпты деп танылып, коммерциялық және қаржы ұйымдарында 7 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.